АЛМАТЫ, 23 қыркүйек – Sputnik. Маңғыстауда бухгалтер мемлекеттік аудит қызметкеріне заңсыз аударым жасаған. Бұл туралы қоғамдық коммуникациялар алаңында өткен брифингте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Маңғыстау облысындағы департаментінің басшысы Шамураит Шаменов айтты.
Квазимемлекеттік сектордың бухгалтері тексеруге келген ішкі мемлекеттік аудит департаментінің қызметкеріне 50 мың теңге көлемінде "сыйлық" аударған. Аудитор бұл жағдайды дереу басшысына жеткізіп, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке хабарлаған.
"Заңсыз сыйлық берген бухгалтерге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 676-бабы жеке тұлғалардың мемлекеттiк функцияларды атқаратын тұлғаларға заңсыз материалдық сыйақы беруi бойынша 200 айлық есептік көрсеткіш – 690 мың теңге көлемінде айыппұл салу туралы әкімшілік хаттама толтырылды. Құқық бұзушы бухгалтер айыппұлды өтеді", - дейді ведомство басшысы.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мемлекеттік қызметшінің қандай да бір себеппен сыйлық алуға құқығы жоқ екенін ескертті.