Астанада "Еңбек жолы" республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды

Байқау жыл сайын өңірлік және республикалық деңгейлерде үш номинация бойынша өткізіледі
Sputnik
АЛМАТЫ, 23 қыркүйек – Sputnik. Еңбек күніне арналған форум аясында еңбек әулеттері мен өндіріс жұмыскерлері арасында жыл сайынғы "Еңбек жолы" республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
"Еңбек жолы" байқауы жыл сайын екі кезеңде, атап айтқанда өңірлік және республикалық деңгейлерде үш номинация бойынша өткізіледі: "Үздік еңбек әулеті" – еңбек өтілі ең ұзақ, марапаты ең көп әулет; "Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері" – жұмыс өтілі кемінде 20 жыл, өте тиімді жұмыс істейтін тәлімгер; "Өндірістің үздік жас маманы" – жұмыс өтілі 5 жылдан аспайтын өндірістің ең белсенді және еңбекқор жұмыскері таңдалады.
Биыл жергілікті атқарушы органдар конкурсқа қатысу үшін 591 өтінім қабылдады. Олар: "Үздік еңбек әулеті" номинациясы бойынша – 143 өтінім, "Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері" номинациясы бойынша – 215 өтінім, "Өндірістің үздік жас маманы" номинациясы бойынша – 233 өтінім.
"Еңбек жолы-2023" байқауының жеңімпаздары:
"Үздік еңбек әулеті" номинациясында бірінші орынды Астана қаласынан Амангелдиновтар әулеті жеңіп алды. Олар шойын жолда еңбек еткен.
Екінші орынды Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында тұратын Аушиновтар әулеті иеленді. Бұл әулет "Казцинк" ЖШС Риддер тау-кен металлургия кешенінде табанды еңбек еткен.
Үшінші орын Павлодар облысының Сейтжановтар әулетіне бұйырды – "Екібастұз ГРЭС-2 станциясы" АҚ-да жұмыс істейді.
"Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері" номинациясында: 1-орын "Қарағанды медицина университеті" КЕАҚ клиникасының бас хирургі 61 жастағы Нұрқаси Абатовқа, 2-орын "RG GOLD" ЖШС сілтісіздендіру учаскесінің шебері 59 жастағы Құндызбек Нукишевке, ал 3-орын "КазАзот" ЖШС Сынақ орталығының бастығы 58 жастағы Людмила Муровцеваға бұйырды.
"Өндірістің үздік жас маманы" номинациясы бойынша 1-орынды Әйгерім Ағатанова иеленді. Ол Абай облысындағы "Восток Бройлер" ЖШС-да бас ветеринар дәрігер болып еңбек етеді. 2-орынды республикалық орталық Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтері штабының өрт сөндірушісі қостанайлық Анатолий Исмагулов жеңіп алды. Ал 3-орынды Солтүстік Қазақстандағы "Петропавл ауыр машина жасау зауыты" АҚ құрастыру-механикалық цехының шебері Әлібек Уатаев иеленді.