АСТАНА, 22 қыркүйек – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысында бас прокурордың наразылығымен жер қойнауын пайдаланушы бюджетке 6 млрд теңгеден астам салық төлеуге міндеттелді, деп хабарлайды Бас прокуратура.
Анықталғандай, газ өндіретін кәсіпорын 2015-2019 жылдар аралығында газды шетелге құнын әлемдік нарықтық бағадан төмендетіп сатқан.
Фискалдық орган салық мөлшерін қайта есептеп, бюджетке қосымша төлеу туралы шешім шығарған. Алайда компания мұнымен келіспей, сотқа шағымданған.
"Бұл даудың нүктесін Жоғарғы сот қойды және бас прокурордың наразылығы бойынша салықтар мен өсімпұлдарды қосымша есептеу негізді деп тапты", - делінген хабарламада.
Бас прокуратураның ақпаратынша, жыл басынан бері прокурорлардың өтініші және наразылығымен азаматтық және әкімшілік істер бойынша 210 сот актісі жойылып, өзгертілді. 14,9 млрд теңге сомаға мемлекеттің мүддесі қорғалды.
Сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық саладағы тексерістер мен талдаулардың нәтижесі бойынша мемлекетке тағы 16 млрд теңге өтелді.
Осылайша прокуратура органдары ел бюджетін 31 млрд теңгеге толықтырған. Бұған қоса мемлекетке заңсыз берілген және пайдаланылмаған 36 млрд теңгенің жер учаскелері қайтарылды.