Ресейдің Украинадағы арнайы әскери операциясы

Астық мәмілесіне қатысты Украина мен Польша арасында кикілжің артты

Sputnik
Астыққа қатысты даулар Киевтің Варшаваны экономикалық санкциялармен қорқытуына, ал поляктар қару-жарақ жеткізуден бас тартуына әкелді. Бұл текетірес қанша уақытқа созылатыны белгісіз, деп жазды РИА Новости.
Президент Анджей Дуда БҰҰ Бас ассамблеясында сөйлеген сөзінде Украинаны өзін құтқарып жатқандарды суға батырып жатқан адаммен салыстырды. "Ренжуге бола ма? Әрине. Тіпті ашулануға болады", - деп айтты Дуда. Ол тіпті Польша өзін "суға батырып жатқаннан" қорғануға ниетті екенін жеткізді.
Зеленский де дәл осы жиында Еуропадағы кейбір тарап "астық жеткізуді триллерге айналдырып, саяси театрда ынтымақтасып жатқанына" алаңдаулы екенін айтты. Оның ойынша, мұндай тараптар өз әрекетімен Ресейге көмектесіп жатыр. Оның кімді меңзеп тұрғаны анық түсінікті болғанымен, Варшава өкілі Петр Мюллер "Бұл бізге қатысты емес деп үміттенемін" деп нақтылауға асықты.
Бас ассамблеяның аясында Зеленский мен Дуда бетпе-бет жолықпады. Польша президентінің айтуынша, бұл "ұйымдастырушылық сәйкессіздіктерге байланысты" болған.
Аталған қос президент Нью-Йоркте сөз сөйлеп жатқанда, Киевте Украина экономика министрінің орынбасары Тарас Качка поляк пиязына, қызанағына, қырыққабатына және алмасына эмбарго салынғаны туралы жариялады. Бұл украиналық астықты, ұнды және астық күнжарасын әкелуге салынған тыйымға қарсы жауап.
"Украинаның әрекеті бізді таңғалдырмайды", - деп жауап берді Польшаның Еуроодақ істері жөніндегі министрі Шимон Шинковский вель Сенк. Варшавалық мамандар украин астығынан тап осы кезде сальмонелла, пестицидтер мен миотоксиндерді анықтады. Бас мал дәрігерінің айтуынша, қаңтар-мамыр аралығында Украинадан жеткізілген астықтың 35 пайызында зиянды заттар анықталған.
Шинковский вель Сенк Польша Киевке қолдауын әлсіретуге дайын екенін ескертті. Сауалнама көрсеткендей, мұны қоғам талап етіп отыр. Жақында Варшава университеті "Украинадан келген босқындарды, мигранттарды және Польша мемлекетінің әрекеттерін әлеумет қабылдауы" зерттеуінің нәтижелерін жариялады. Қаңтар айындағыдан украиналықтарға жақсы көзқарас танытқан респонденттер мамырда 13 пайызға азайғаны белгілі болды. Көбісі босқындар олардың жұмыс орындарын алып жатыр деп есептейді.
Премьер-министр Матеуш Моравецкий қазірдің өзінде қару-жарақ жеткізілімін тоқтататынын мәлімдеді. Олар ең алдымен өз елінің қауіпсіздігі туралы ойлану керек, сәйкесінше, армияны Еуропадағы ең күшті әскердің біріне айналдыру үшін модернизациялау қажет екенін айтты.
Өз кезегінде, ауыл шаруашылығы министрі Роберт Телус былай деді: "Украина астық эмбаргосына келісім бермейінше, Варшава Киевтің еуропалық интеграциясын қолдамайды". Бұл Еуроодаққа кіру үшін жасалған қолайлы жеңілдік, деп есептейді ол. Мюллер экономика саласында әркім өз бетінше жұмыс істейтінін айтты.
Украина мен Польшаның БАҚ өкілдері саясаткерлерден қалыспай, осы тақырыпты қызу талқылап жатыр. Do Rzeczy басылымы Варшаваның көңілі тоқ болуы үшін Киевтің өзін қалай ұстауы керектігін сипаттады. Басылым пікірінше, біріншіден, Еуроодақта Украина Франция мен Германияға емес, алдымен Польшаға арқа сүйеуі керек. Екіншіден, астық бойынша Дүниежүзілік сауда ұйымының сотына талапарыз жолдаудан бас тарту керек. Сонымен қатар, Степан Бандераға қатысты көзқарасты қайта қарауы керек.
Жалпы алғанда, Do Rzeczy поляктар қазірдің өзінде жеткілікті көмек көрсетті және жеңілдіктер талап етуге құқылы деп санайды. Әйтпесе, Киев билігі өздеріне ешбір шартсыз әрқашан қолдау көрсетіледі деген түсінік қалыптасуы мүмкін деп ескертіп жазды басылым.
Юлиуш Миерошевский атындағы Диалог орталығы басшысының орынбасары Лукаш Адамский "Украинская правда" газетінде жарияланған мақаласында Киев ішкі саяси шығынға ұшырай отырып, Польша үкіметі көрсетіп жатқан көмектің ауқымын түсінбейтінін атап көрсетті. Ол сондай-ақ Украина билігінің Волынь қырғынына Украина көтерілісшілер армиясының* жауапкершілігін мойындағысы келмейтінін де ескертті.
Адамский поляк қоғамы ресей-украин қақтығысынан туындаған бастапқы әсерден қазір айығып үлгергенін де жазды. Тиісінше, ешбір талап-шартсыз қолдауға дайын болу да әлсіреді. Сол себепті "сендер бізге көмектесесіңдер, сонда біз сендерді қорғаймыз" деген ұстаным енді әсер етпейді.
Жауап ретінде "Украинская правда" да мақала жариялады. Мақалада Украина көтерілісшілер армиясын айыптау қисынсыз екенін* және поляктар Кеңестік халықтық ішкі істер комиссариатымен шайқаста қаза тапқан украиналық "патриоттарды" құрметпен еске алуы керек екенін жазды. Бұған қоса Варшава сындарлы қарым-қатынасқа ұмтылса, оған ешкім қарсы емес екені, бірақ Киевтің өз шаруаларын қорғап жатқанына таңғалмауы керек екені де жазылған.
ТМД елдері институты басшысының орынбасары Владимир Жарихиннің пікірінше, бұл текетірес ұзаққа созылуы мүмкін, бірақ бұл негізінен Польшадағы парламент сайлауына байланысты.
"Польша нарығындағы украиналық астық билік етуші "Заң және әділдік" партиясы сайлаушыларының экономикалық жағдайын нашарлатты. Себебі олардың басым бөлігі ауылдық жерлерде тұрады. Сонымен қатар босқындар ағыны еңбек нарығындағы жағдайдың шиеленісуіне әкелді. Ең алдымен бұл қалалардың проблемасы. Соған сәйкес билік Киевті сынай отырып, дауыс берушілердің арасында беделін арттыруға тырысып жатыр", - дейді сарапшы.
Ресей үкіметі жанындағы Қаржы университетінің сарапшысы Денис Денисов былай дейді: "Варшавада көптеген саясаткер Украинаның кейбір аймақтарын Польша территориясынан заңсыз ығыстырылған аумақ деп санайды. Сонымен қатар, екіжақты қарым-қатынаста күрделі мәселе көп. Себебі украиналықтар поляктармен үнемі соғысып келді".
РИА Новостиге сұхбат берген сарапшылардың айтуынша, сайлаудан кейін тараптар мұндай ештеңе болмағандай кейіп танытуы мүмкін. Олардың текетіресі бір бөлек, Украина шешуші рөл атқаратын Батыс пен Ресей арасындағы қақтығыс мүлде бөлек мәселе.
* Ресейде тыйым салынған террористік ұйым.