АСТАНА, 20 қыркүйек - Sputnik. Бұған дейін мемлекеттік кірістер комитеті шетелден ақша алатын жеке тұлғалар мен ұйымдардың тізімін жариялаған болатын. Қазақстандағы кейбір бұқаралық ақпарат құралдары оны "шетелдік агенттердің тізімі" деп атады. Кейіннен қаржы министрлігі аталған құжатқа қатысты түсінік берді.
Министрлік хабарламасында көрсетілгендей, 2018 жылдан бастап Салық кодексіне шет мемлекеттерден, шетелдіктерден, халықаралық және шетелдік ұйымдардан ақша немесе өзге де мүлік алған тұлғалардың мемлекеттік кірістер органдарына есеп беруі туралы талап енгізілді.
2022 жылы Салық кодексінің 29-бабына өзгеріс енгізілді, оған сәйкес Мемлекеттік кірістер комитеті өзінің интернет-ресурсында шетелдік көздерден ақша немесе өзге де мүлік алған тұлғалардың тізілімін жариялайды. Тізілімде шетелдік көздерден ақша немесе өзге де мүлік алған тұлғалардың атауы мен сәйкестендіру нөмірі (БСН/ЖСН) көрсетілуі тиіс.
Ведомство Салық кодексінің 30-бабына сәйкес салық төлеушінің атауы мен сәйкестендіру нөмірі салықтық құпия болып саналмайтынын атап өтті.
Қазіргі кезде тізімге 240 жеке және заңды тұлға еніп отыр. Олардың ішінде журналистер, түрлі үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық қорлар бар.