АСТАНА, 20 қыркүйек – Sputnik. Астанада он тұрғын үй кешенін салған құрылыс компаниялары басшыларына қатысты 7 қылмыстық іс тергеліп жатыр, деп хабарлайды қалалық прокуратура.
Елорда прокуратурасы уәкілетті органдармен бірлесіп үлестік құрылыс саласында тұрақты негізде жұмыс жүргізуде.
2019 жылдан бері проблемалы жылжымайтын мүлік саны 150-ден 32-ге, ал алданған үлескерлер 16 мыңнан 4 мыңға дейін қысқарған. Осы кезеңде прокуратура 4 993 үлескердің мүддесіне 48,5 млрд теңгеге 125 талап-арыз жолдады.
"Уәкілетті орган 2019-2023 жылдары үлескерлерден ақша тартуға құқығы жоқ 149 компанияны әкімшілік жауапқа тартты. Өткен кезеңде 4 құрылысшы сотталды. Бүгінде полицейлер 10 тұрғын үй кешенін салушы компания басшыларына қатысты 7 қылмыстық істі тергеп жатыр. 5 адам қамауға алынды. Олардың әрекетінен 426 азамат зардап шеккен", - делінген хабарламада.
Прокуратура елордалықтарға құрылыс компаниясын таңдау кезінде сақ болу керектігін ескертті.
Азаматтардан ақша тартуға құқығы бар құрылыс салушылардың тізімі www.egov.kz сайтында көрсетілген.