Қоғам

676 млн теңгелік суару каналының құрылысы үш жыл бойы тоқтап тұр - министрлік жауабы

Sputnik
АЛМАТЫ, 20 қыркүйек – Sputnik. Түркістан облысы Мақтаарал ауданында 676 млн теңгеден астам қаржы жұмсалған суару каналының құрылысы әлі бітпей тұр. Салдарынан шаруалар шығынға батып жатыр. Мәселенің мән-жайын Sputnik Қазақстан тілшісі қаржы министрлігінен сұрап білді.
Суару каналының құрылысы бес жылдан астам уақытқа созылып, сақалды құрылысқа айналған. Себебін қаржы министрлігі пандемиямен түсіндіреді. Бұл аздай қаржы да қол байлап тұрған көрінеді.
"Түркістан облысы Мақтаарал ауданының фермерлері пандемия мен қаржылық қиындықтарға байланысты шығындарға тап болды. Өйткені аудандағы суару арнасының құрылысы 5 жылға созылды. Қазіргі күні нысан құрылысының 80%-ы біткен", - дейді қаржы министрлігі.
Министрліктің айтуынша, Мақтарал ауданында суды есепке алу мен су бөлуді автоматтандыруды енгізе отырып, гидротехникалық құрылыстары бар К-26 шаруашылық аралық каналын реконструкциялау" жобасын іске асыру 2014 жылы басталған. Бұл жоба "Су ресурстарын тиімді басқару" бюджеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асу керек болған.
"Достық республикааралық магистральдық каналында ұзындығы 8,6 км болатын К-26 каналын реконструкциялауға бағытталған бұл жоба 6,3 мың га суармалы жерлерді толық сумен қамтамасыз етеді. Бұл аумақта негізінен дәнді-дақылдар мен мақта дақылдары өседі", - дейді ведомство.
Суармалы арнаның жобалық сметалық құжатының жалпы құны - 894,5 млн теңге. Ал мердігер - "Мадест" ЖШС.
"2014-2019 жылдар кезеңінде республикалық бюджеттен жобаны іске асыруға 676,9 млн.теңге бөлінді, оның ішінде 2014 жылы– 106,3 млн. теңге, 2017 жылы – 136,7 млн. теңге, 2018 жылы – 182 млн. теңге, 2019 жылы – 251,9 млн теңге бөлінген", - дейді қаржы министрлігі.
894,5 млн теңгенің игерілгені - 676,9 млн теңге. Жобаны толық бітіру үшін жұмсалуы керек қалған қаражат 110,2 млн теңге. Алайда ауқымды шаруа сол күйі бітпей тұр.
"Қаржы министрлігіне жобаны аяқтауға бюджеттік өтінім түскен жоқ. Негізі нысан 2020 жылы тапсырылады деп жоспарланған болатын, алайда бас мердігердің "Мадест" ЖШС компаниясының бұрынғы құрылтайшысының қаржылық проблемаларына байланысты жобаны іске асыру аяқталмады, шарт бұзылды", - дейді министрлік.