Алматы облысындағы бірнеше қоқыс полигонының құжаты жоқ

1969 жылы құрылған Еңбекшіқазақ ауданының полигонын әкімдік ешбір құжатсыз жеке компанияға тапсырған
Sputnik
АЛМАТЫ, 19 қыркүйек – Sputnik. Алматы облысындағы бірнеше қоқыс полигонының құжаты жоқ, деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облыстық департаменті.
Антикор қоқыс полигондарына монтиоринг жүргізген. Нәтижесінде Еңбекшіқазақ, Балқаш аудандары мен Қонаев қаласындағы полигондардың рұқсат құжаты жоқ екені анықталған.
"Мысалы, Еңбекшіқазақ ауданының полигоны сонау 1969 жылы құрылса да, әлі күнге рұқсат құжат берілмеген. Әкімдік оны ешбір құжатын рәсімдеместен жеке компанияға тапсырған. Әкімдік пен компания арасында сенімгерлік басқаруға беру туралы шарт немесе келісім жасалмаған", - дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облыстық департаментінің басшысы Серік Пірімбетов.
Ол аздай бұл қоқыс полигондары санитарлық және экологиялық талаптарға сай емес. Салдарынан қоршаған орта күн санап ластанып жатыр, дейді антикор.
"Жауапты орган тексеру жүргізіп, экологиялық кодекстің талаптарын бұзғаны үшін компанияға 172 000 теңгеге айыппұл салынды. Бұл кереғар жайттың барлығы жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмағанын және ведомстволық бақылаудың жоқтығын көрсетеді", - дейді Пірімбетов.
Сондай-ақ бүгінгі таңда облыста халық үшін шот-фактуралар жасаудың бірыңғай жүйесі және қоқыс жинау бойынша бекітілген тариф жоқ.
Қалдықтарды жинау және шығару құны халыққа 1000-нан 3000 теңгеге дейінгі жоғары тарифпен есептелген.