Жаңаөзенде борышкерлердің жол талғамайтын көліктері тәркіленді

Жаңаөзендіктердің көлік салығы бойынша қарызы 151 миллион теңгеден асқан
Sputnik
АЛМАТЫ, 18 қыркүйек – Sputnik. Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында салық төлеуден қашып жүрген борышкерлердің жол талғамайтын көліктері тәркіленді, деп хабарлайды Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті.
Қазіргі таңда жаңаөзендіктердің көлік салығы бойынша қарызы 151 миллион теңгеден асқан. Осыған байланысты Жаңаөзен қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлері қала жолдарында рейд жүргізді. Салық төлеуден қашып жүрген азаматтарды ұстауға полиция қызметкерлері мен сот орындаушылары көмектесті.
"Рейд барысында салық төлемей жүргендерден 342 мың теңге өндіріп алынды. Ал кейбір борышкерлердің автокөлігі қарызды толық өтегенге дейін айыптұраққа қойылды. Осылайша, 969 мың теңгеден астам салықты төлемегені үшін Lexus 470 және Lexus 350 жол талғамайтын көліктері тәркіленді", - дейді ведомство.
Бұл шара жыл соңына дейін жүйелі түрде жалғасады.
Айта кетейік, қарызды kgd.gov.kz сайты мен "e-Salyq Azamat" мобильді қосымшалары мен екінші деңгейлі банктер арқылы тексеруге болады.