"Консерв жасауға болады": Қазақстанда киік саны қалай реттеледі

Бүгінде киіктің жалпы саны 1 миллион 915 мыңға жетті. Ал жыл соңында шамамен 2,6 миллионға дейін өседі
Sputnik
АСТАНА, 18 қыркүйек – Sputnik. Жақын арада киік популяциясын басқару бойынша шешім қабылданады. Бұл туралы АШМ орман шаруашылығы және жануаралар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Андрей Ким мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Халықаралық сарапшылар Қазақстандағы киік саны тұрақты тұтынушылық және тұтынушылық емес мақсатта пайдалануға болатын деңгейге жетті деген шешімге келді. Себебі үй жануарлары үшін жайылым жер онсыз да жетпей жатыр. Су тапшы. Осыған байланысты премьер-министр киік популяциясын басқаруға тапсырма берген.
"Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті киік популяциясын басқару бойынша биологиялық негіздеме жасады. Қазіргі кезде осы негіздемеге сәйкес дайындық жұмыстары басталып кетті. Жақын арада бұл мәселе бойынша шешім қабылданады", - деді Ким орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Оның айтуынша, мораторийдің уақыты аяқталғаннан кейін киікті жаппай атуға рұқсат берілмейді. Себебі ондайда жануар санын бақылау мүмкін емес. Жоспарға сәйкес, киікті арнайы қашаларға қамап отырады. Осылайша, жануарлардың санын реттейді.
Ал ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Самат Төлегеновтың сөзіне қарағанда, ұсталған киіктердің етінен консерв жасауға болады. Ал мүйізі мемлекеттік кәсіпорындарда сақталады. Себебі оны коммерциялық мақсатта пайдалануға тыйым салынған.
Ресми мәліметке сәйкес, бүгінде киіктің жалпы саны 1 миллион 915 мыңға жетті. Ал жыл соңында шамамен 2,6 миллионға дейін өседі.
Айта кетері, 1999 жылы киіктің күрт азаюына байланысты 2024 жылға дейін атуға тыйым салынған болатын. Сол кезде ғылыми мақсатта ғана пайдалануға рұқсат берілген.