АСТАНА, 18 қыркүйек – Sputnik. Астанада алаяқтық жасады деген күдікпен құрылыс салушылар ұсталды, деп хабарлайды қалалық прокуратура.
Астана қаласы прокуратурасының нұсқауымен полиция департаментінің өндірісіне "R-Club" және "R-Club Deluxe" тұрғын үй кешендері үлескерлерінің ұжымдық арызы негізінде алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс тапсырылды.
Анықталғандай, үлескерлерден 4 млрд теңгеден астам ақша тартылған, алайда іс жүзінде құрылысқа 900 млн теңге жұмсалған. Құрылыс 2022 жылғы 4-ші тоқсанда аяқталуға тиіс болған, бірақ мерзімінде салынып бітпеген.
"Құрылыс компанияларының басшылары ұсталып, оларға "күзетпен ұстау" түрінде бұлтартпау шарасы қолданылды. Жедел-тергеу тобы құрылды", - делінген хабарламада.
Қазір қылмыстың қалған қатысушылары мен олардың активтері анықталып жатыр.