АСТАНА, 17 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанда әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін тағы екі төлемнің мөлшері артады. Министрлік арнайы құжатты әзірледі. Келесі жылдан бастап адамның еңбекке қабілеттілігінен немесе асыраушысынан айырылуына байланысты жасалатын төлемдер 7 процентке өседі.
Sputnik Қазақстан қордан төлем алудың тәртібін ұсынады.
Қордан қандай төлемдер беріледі
Бүгінде жұмыс істейтін қазақстандықтар алатын жалақының 3,5 проценті мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударылып отырады. Оны жұмыс беруші өз ақшасынан төлейді. Міндетті әлеуметтік сақтандыру заңнамасына сәйкес, адам жұмысынан айырылып қалса, қордың есебінен бес әлеуметтік төлем жасалады.
Олар:
асыраушысынан айырылған жағдайда;
жүктілік және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты кірістен айырылған жағдайда;
жұмысынан айырылған жағдайда;
бала күтіміне байланысты кірістен айырылған жағдайда;
еңбекке ету қабілетінен айырылған жағдайда;
Әлеуметтік төлемдерді есептеудің өзіндік формуласы бар.
Әрқайсысында соңғы екі жылдың ішінде жасалған әлеуметтік аударымдар ескеріледі. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін төлемдер үшін зейнетақы жарналарын ұстап қалады.
Әлеуметтік төлем ұзақ төлене ме Заң бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағдайда берілетін әлеуметтік төлемдер зейнет жасқа дейін аударылып тұрады. Бірақ медициналық сараптама төлем алып жүрген адамның белгілі бір уақыттан кейін еңбекке қабілетті деп таныса, сақтандыру қорынан аударылатын төлемдер тоқтатылады. Ал асыраушысынан айырылған жағдайда берілетін төлемдер балалар 18 жасқа дейін толғанша аударылады. Жоғары оқу орнына түссе, тағы ұзартылады.
Сол сияқты жұмыссыз адамдарға міндетті әлеуметтік сақтандыру қорынан 1 айдан 6 айға дейін әлеуметтік төлем тағайындалады. Оның мөлшері сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы екі жылдағы табысына байланысты болады. Бірақ жоғалған кірістің 40 процентінен кем болмауы тиіс. Мысалы, жұмыссыз қалған адамның жалақысы 150 мың теңге, ал сақтандыру қорына аударымдар 10 жыл бойы жасалса, онда оған жұмыссыз адам ретінде ай сайын 66 000 теңгеге дейін әлеуметтік төлем жасалады.
Әлеуметтік төлем ұзақ төлемнің мөлшері
Еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағдайда әлеуметтік төлем денсаулықтың жағдайына қарай, яғни, мүгедектіктің дәрежесі бойынша тағайыналады. Оны медициналық-әлеуметтік сараптама анықтайды. Алайда уақыт өте келе, төлем алған адамның денсаулығы дұрысталса, я болмаса, нашарласа, әлеуметтік төлемнің мөлшері өзгереді.
Мәселен, еңбекке қабілеттілігінен айырылған адамның соңғы екі жылда орташа жалақысы 175 000 теңге, ал еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі 30 процент болса, ай сайын 20 900 теңге аударылып тұрады. Осы төлемді есептегенде ең төменгі жалақының мөлшері де ескеріледі.
Ал келесі жылдан бастап ең төменгі жалақы 85 мың теңгеге өседі. Соның салдарынан төлем біршама төмендейді. Бірақ 7 процент қосылса, 500-1000 теңгеге көтеріледі. Сондықтан мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан көбірек төлеп алу үшін жалақы жоғары болуы керек.
Асыраушысынан айырылуына байланысты жасалатын төлем де арнайы формуламен есептеледі. Ол адамның соңғы екі жылда орташа жалақысы 200 000 теңге болса, үш баласына ай сайын 66 000 теңге төленіп тұрады.
Айта кетері, жылдың басында еңбекке қабілеттілігінен және асыраушысынан айырылуына байланысты жасалатын төлемдер 8,5 процентіке өсті. 1 шілдеден бастап қосымша орта есеппен 14,5%-ға индекстелді. Ал келесі жылы тағы 7 процентке артады.