Өңірлер

Жетісу облысында қонақтар үйлену тойында уланып қалды: тергеу аяқталды

Мейрамханада санитарлық-гигиеналық ережелерді бұзу фактілері анықталды
Sputnik
АСТАНА, 16 қыркүйек – Sputnik. Жетісу облысында санитарлық дәрігерлер ауылдық мейрамханада өткен тойда 20 адамның неден уланғанын анықтады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, 28 тамызда Алакөл ауданындағы дәрігерлерге бірнеше адам жүрек айнуы, құсу, әлсіздік, бас ауруы және іштің ауыруына шағымданған. Олар Қабанбай ауылындағы "Шағала" мейрамханасында бір күн бұрын өткен тойға барған қонақтар екен.
Барлығы зардап шеккен 20-дан астам адамға "Өзгеше және анықталмаған гастроэнтерит және инфекциялық колит" диагнозы қойылған. Санитарлық дәрігерлер адамдардың жаппай улану фактісін той тағамдарын тұтынумен байланыстырды.
Тергеу нәтижесінде тағамнан улану өнімнің сақталуы мен технологиясын бұза отырып дайындалған манты мен палаудағы күрішті жеу салдарынан болғаны анықталды, дейді санитарлық эпидемиолог мамандар.
"Тамақ пен зардап шеккендердің құсықтарынан Bacillus cereus бактериялары табылды және бұл зертханалық тексерулермен расталды", - деп хабарлады департамент мамандары.
Мейрамханада тоңазытқыш құрал-жабдықтардың жоқтығы, нысан ішін дұрыс тазаламау, тағам дайындау кезіндегі талаптарға қатысты көптеген санитарлық ережелерді бұзу фактілері анықталды. Жұмысшылардың медициналық кітапшалары да болмаған.
Мейрамхана әкімшілігіне Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 463-бабы (тиісті тіркеусіз, рұқсатсыз немесе жолдамасыз кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, сол сияқты әрекеттер (операциялар) орындау) бойынша әкімшілік хаттама толтыру арқылы заңбұзушылықтарды жою туралы ескерту берілді.
Ведомстводағылар санитарлық-эпидемиологиялық тексеру нәтижелері Қылмыстық кодекстің 304-бабына (Санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормаларды бұзу) сәйкес қылмыстық іс қозғау үшін полицияға жіберілгенін де хабарлады.
Жетісу облысында тойға барған 21 адам уланып қалды