Шығыс Пруссияда қаза тапқан қазақ жауынгерінің наградасы оның туыстарына тапсырылады

Калининград облысында алматылық жауынгердің сүйегі табылды, батырдың кім екенін павлодарлық іздестірушілер анықтады
Sputnik
АСТАНА, 16 қыркүйек – Sputnik. Ресейдің Калининград облысындағы Русское ауылындағы мемориалда соғыстың соңғы айларында Шығыс Пруссияда қаза тапқан жауынгерлерді қайта жерлеу рәсімі өтті, деп хабарлады "Вести Калининграда".
Калининград облысының Зеленоград муниципалдық ауданындағы Русское ауылында орналасқан мемориалда Шығыс Пруссияда қаза тапқан 47 Қызыл әскер жауынгерінің сүйегі қайта жерленді. Оларды өткен жылы ресейлік "Совесть" іздестіру тобы тапқан.
Әзірге қаза тапқан сарбаздардың үшеуін ғана награда бойынша сәйкестендіру мүмкін болды. Олардың бірі – Тула облысының тумасы, екіншісі – Мәскеу облысының тумасы. Ал үшіншісі – жерлесіміз, гвардия аға сержанты Әбдікәрім Өмірзақов. Оның кім екені "Ерлігі үшін" медалінің арқасында анықталды.
"Совесть" іздестіру жасағының командирі Руслан Хисамовтың айтуынша, Александр Шитов бастаған павлодарлық "Майдан жолы" іздестіру жасағындағы әріптестері қаза болған қазақстандықтың туыстарын табуға көмектескен.
Медаль мен Әбдікәрім Өмерзақов жерленген топырақ Калининград облысындағы Қазақстанның Құрметті консулы Александр Каневскийге тапсырылды.
"Біздің халқымыз үшін үлкен еңбек етіп жатқан іздестірушілерге мың алғыс. Бұл марапаттың алдағы жолы біреу – оны атасын батыр деп еске алатын туыстарына табыстау. Бұлар Алматыда тұратын немере-жиендері", - деді құрметті консул өз сөзінде.
Жас ұстаз Әбдікәрім Өмірзақов майданға аттанғаннан кейін, ол туралы ешқандай хабар болмаған. Енді із-түзсіз жоғалған жауынгердің жақындары оның мүрдесі қайда жатқанын білетін болады.
Русское ауылындағы мемориал Калининград облысындағы ең үлкен зират саналады. Мұнда Қызыл Армия қатарында болған 2500-ден астам жауынгер жерленген.
Ал іздеу жүргізушілер жұмыстарын жалғастырып жатыр. Алдын ала болжам бойынша он мыңдаған кеңес жауынгерінің мүрдесі әлі күнге дейін Калининград жерінде жатыр.