АСТАНА, 16 қыркүйек – Sputnik. Қостанай облысында такси жүргізушісінің қырағылығы алаяқтықтың алдын алуға сеп болды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Белгілі болғандай, 14 қыркүйекте такси жүргізушісі Серік Нағашыбаевқа әйел қоңырау шалып, Лисаков қаласындағы бір мекенжайдан заттар салынған сөмкені алып, Рудныйға жеткізуді өтінеді. Әйел жеткізу сомасын 8 мың теңге деп көрсеткен.
Сөмкені такси жүргізушісіне 80 жастағы зейнеткер берген. Ол қызының қиын жағдайға тап болғанын және тез арада заттарын жеткізу керектігін айтқан.
"Серік Нағашыбаев күмәнданып, полицияға хабарласқан. Анықталғандай, зейнеткер қылмыскерлердің өзі шақырып берген такси арқылы алаяқтарға 3 миллион теңге жолдамақ болған", -делінген хабарламада.
Полиция қызметкерлері Диас Рахметов пен Ерқанат Рахимов қызының жағдайы жақсы екенін айтып, ақшаны зейнеткерге қайтарып берді.
Қазіргі таңда полицейлер алаяқтық жасамақ болған адамдарды анықтау мақсатында жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр. Зейнеткердің қызы Елена Кононюк полицейлер мен такси жүргізушісіне алғыс айтты.