АСТАНА, 16 қыркүйек – Sputnik. Орақ науқанында Қазақстанның барлық 18 облысындағы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге 426 мың тонна дизель отынын жеткізу жоспарланған, деп хабарлады Энергетика министрлігі.
"Атырау, Шымкент және Павлодар мұнай өңдеу зауыттары қалыпты режимде жұмыс істеп тұр, ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілердің қажеттілігін бірінші кезекте өтеп жатыр", - деп атап өтті ведомство.
Дизель отыны операторлардың сұранысына сәйкес дер кезінде жөнелтіліп жатыр, деп толықтырды министрлік.
"Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін дизель отынының литрі 250 теңгеден сатылады, бұл жанармай құю бекетіндегі бағадан (295 теңге/литр) 18 пайызға төмен ", - делінген Энергетика министрлігінің хабарламасында.
Ведомство дизель отынының жалпы қоры (мұнай базаларындағы, жолдағы және мұнай өңдеу зауыттарындағы) еліміздің 31 күндік сұранысын қанағаттандыратынын, яғни ауыл тұрғындарының қажеттілігін өтеуге дизель қоры жеткілікті екенін айтты.