Смайылов МАЭК-тің жылу беру маусымына дайындығын тексерді

Мұнда құрал-жабдықтардың 80%-дан астамы тозған, бұл төтенше жағдайларға алып келіп отыр
Sputnik
АСТАНА, 15 қыркүйек – Sputnik. Премьер-министр Әлихан Смайылов Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында "Каспий" су тұщыту зауытын жаңғырту және МЭК-тің алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарымен танысты, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
МАЭК – біртұтас энергетикалық және су өндіруші кешен, оның негізгі міндеті – Маңғыстау және Атырау (ішінара) облыстарын электр энергиясымен, ал, Ақтау қаласын жылу энергиясымен, ауызсумен, ыстық және техникалық сумен қамтамасыз ету. Мұндағы төтенше жағдайларға алып келіп отырған негізгі құрал-жабдықтардың тозуы 80%-дан асады.
Биыл кәсіпорынның өз қаражаты есебінен турбоагрегаттарға, қазандық агрегаттарына және қосалқы жабдықтарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
"Әбден тозығы жеткен құрылғыларды ауыстыру үшін Маңғыстау облысы әкімдігінің резервінен 2,6 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар премьер-министрдің тапсырмасы бойынша жаңа жабдықтар мен қосалқы бөлшектер сатып алуға үкімет резервінен тағы 4,9 млрд теңге бөлінді. Қазіргі уақытта жабдықтарды жеткізушілермен келісім-шарттар жасалды, олар осы жылдың қараша-желтоқсан айларында жеткізіледі", - делінген хабарламада.
2024 жылы №3 энергоблокты ішінара жаңғырту арқылы күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған. Сондай-ақ 2025 жылы №2 энергоблокты және 2026 жылы №1 энергоблокты толық жаңғырту арқылы күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған.
"Жалпы, қолданыстағы энергоблоктарды жаңғырту және жаңаларын салу есебінен генерация тұтастай алғанда 420 МВт-қа артады деп күтілуде", - деп жазылған хабарламада.
Смайылов облыс әкімдігіне жөндеу жұмыстарының уақтылы аяқталуын бақылауды тапсырды.