АСТАНА, 14 қыркүйек – Sputnik. Сенаторлар Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының бітімгершілік қызметі туралы келісімге өзгерістер енгізуге арналған хаттаманы ратификациялау туралы заңды мақұлдады, хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаевтың айтуынша, 2007 жылы рәсімделген келісімде әскерилердің халықаралық ұйымдардың бітімгершілік операцияларына қатысу тәртібі айқандалмаған. Осыған байланысты бірлескен құжатқа өзгеріс енгізіліп отыр.
"Оған сәйкес, ұйым мүшелерінің бірі үйлестіруші мемлекет ретінде әрекет етеді, ал қалғандары қажет болған жағдайда оған қосыла алады деген шешімге келді. Үйлестіруші мемлекет мәртебесі – Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Қауіпсіздік кеңесінің шешімі бойынша кез келген мүше мемлекетке берілуі мүмкін", - деді Сарыбаев сенаттың бүгінгі отырысында.
Бұдан бөлек, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше емес мемлекеттердің аумақтарында Біріккен Ұлттар Ұйымы бастамасымен жүргізілетін бітімгершілік операцияларында бітімгершілік күштерін қолдану тәртібі де нақты айқындалған.
"Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік миссияларына қатысу үшін Хатшылықтың мақұлдауымен үйлестіруші мемлекетке квота бөлінеді. Квота алғаннан кейін ғана Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі сол елді Үйлестіруші мемлекет ретінде мақұлдай алады. Үйлестіруші мемлекет БҰҰ қаражаты есебінен логистика, контингентті тасымалдау және қаржылық мәселелер бойынша өзара іс-қимыл жасайды", - деп атап өтті сенатор.
БҰҰ бітімгершілік миссияларына қатысу-қатыспауды және оның дәрежесін әрбір мемлекет дербес шешеді. Сенаторлар заңды бірауыздан мақұлдады.