АСТАНА, 14 қыркүйек – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Транскаспий халықаралық көлік дәлізі арқылы жүк тасымалдау көлемі бес есе ұлғаюы мүмкін екенін мәлімдеді.
Орталық Азия мемлекеттері басшыларының V Консультативтік кездесуінде Тоқаев елдердің көлік-логистикалық әлеуетін толыққанды іске асыру мәселесіне тоқталды.
Оның айтуынша, бұл сала, шын мәнінде, аймақтың қарқынды дамуы үшін тірек бағыты бола алады.
"Біз әлемде жаңа экономикалық географияның қалыптасып жатқанына куә болып отырмыз. Қытай, Еуропа, Ресей, Таяу Шығыс бағыттарындағы сауда-саттық ауқымы ұлғаяды деген болжам бар. Орталық Азия Солтүстік пен Оңтүстікті, Батыс пен Шығысты байланыстыратын жаһандық жолдардың торабында орналасқан. Бұл – аймақтың келешегіне кең жол ашатын елеулі артықшылығымыз", - деді Тоқаев.
Президент қазіргі кезеңде Транскаспий халықаралық көлік бағдары ерекше рөл атқаратынын атап өтті.
"Орта мерзімді перспективада аталған дәліз арқылы жүк тасымалдау көлемі бес есе ұлғаюы мүмкін. Біз цифрлық шешімдер енгізу және инфрақұрылымды жаңғырту арқылы оның өткізу қабілетін жоспарлы түрде арттыруға ниеттіміз", - деді мемлекет басшысы.
Тоқаев "бауырлас мемлекеттермен бірлесіп, өңір ішіндегі сауда-саттыққа кедергі келтіретін "осал тұстарды" реттеу үшін көлік және логистика инфрақұрылымын дамыту жұмысын жалғастыру өте маңызды" екенін айтты.
"Қазақстан жақын серіктестерімен экономикалық байланыстарды кеңейтуге ықпал ететін бірқатар ірі жобаны жедел жүзеге асыруды көздейді. Бұл жерде "Достық – Мойынты", "Бақты – Аягөз", "Дарбаза – Мақтаарал" теміржол жобалары, сондай-ақ "Жаңаөзен – Түркіменстан шекарасы" автомобиль жолы туралы сөз болып отыр. Жалпы, Қазақстан Еуразияның транзиттік хабы ретінде өз рөлін күшейтуге ниетті", - деп түйіндеді сөзін ол.