АСТАНА, 14 қыркүйек – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысында мас күйінде көлік тізгіндеген ауылдық округ әкіміне қызметтік талаптарғк толық сәйкессіздік туралы ескерту жасалды.
Әдеп жөніндегі кеңес отырысында Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға қарсты Қырымбет ауылдық округінің әкімі Жанар Ысқақоваға қатысты тәртіптік іс қаралды. Шенеунікті жұмыстан тыс уақытта Көкшетау көшелерінің бірінде патрульдік полицейлер тоқтатқан. Тексеру кезінде әйел адамның аздаған дәрежеде мас екені анықталды.
"2023 жылдың 2 сәуірінде сағат 09:55 шамасында Ысқақова мас күйінде автокөлік жүргізген. Оның әкімшілік құқық бұзушылық жасаған кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, алкогольдік масаңдықтың жеңіл дәрежесі анықталған медициналық сараптама қорытындысымен, Ысқақованың алғашқы жауаптары және басқа да іс материалдарымен дәлелденген", - деді мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаментінің бақылау басқармасының бас маманы Абзал Оразымбетов.
Ысқақова әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, жеті жыл мерзімге көлікті басқару құқығынан айырылды.
Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерінің айтуынша, шенеуніктің әрекеті Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ғана емес, мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексіне де қайшы келеді. Себебі бұл құжат азаматтардың алдында мемлекеттік органдардың абыройы мен беделіне анық нұқсан келтіретін әрекеттерге, қоғамға жат қылықтарға толық тыйым салуды көздейді.
"Қазіргі таңда Ысқақова Ғабит Мүсірепов атындағы аудан әкімінің 2023 жылғы 11 тамыздағы өкіміне сәйкес ескерту түріндегі өтелмеген тәртіптік жазасы бар. Әкімшілік қызметші ескерту, сөгіс немесе қатаң сөгіс түріндегі шешілмеген жазасы болған кезде елеулі құқық бұзушылық жасаса, ол үшін қызметтік талаптарға толық сәйкессіздігі немесе лауазымын төмендету туралы ескерту түріндегі жаза қолданылады", - деді Абзал Оразымбетов.
Бір жыл бұрын әкім болған Ысқақованың әрекеті өрескел құқық бұзушылық деп танылды. Кеңес мүшелері оған қызметтік талаптарға толық сәйкессіздік туралы ескертуді ұсынды.