Қазақстан спорттық бағдарламалаудан әлем чемпионатын өткізуге өтінім берді

Министрлік технологиялық хабтарды ашу және қолдау арқылы өңірлерде Astana Hub брендін тарата бастады
Sputnik
АСТАНА, 13 қыркүйек – Sputnik. Қазақстан спорттық бағдарламалаудан әлем чемпионатын өткізуге өтінім берген. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрдің айтуынша, спорттық бағдарламалауды насихаттау және дамыту IT-индустриясын дамытуға үлкен ықпалын тигізеді.
"Осы мақсатта Астана қаласында спорттық бағдарламалау бойынша әлем чемпионатын өткізуге өтінім берілді", - деді Мусин үкімет отырысында.
Ол елімізде 16 мыңнан астам ІТ-компания, ал айти саласында 180 мыңнан астам маман жұмыс істейтінін атап өтті. Айтуынша, жалақы мөлшері де қарқынды өсіп жатыр, бір жыл ішінде орташа жалақы шамамен100 мың теңгеге көтерілген. Оң динамика әрі қарай өсу мүмкіндігін көрсетіп отыр.
"Бүгінде мемлекеттік саясат айти-саланың іргетасын қалауға бағытталған. ІТ экожүйесінің басты даму институтына айналған Astana Hub резиденттерінің саны 1200-ден асып, шетелдік компаниялар саны 319-ға жетті. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында Astana Hub қатысушыларының табысы 161,5 млрд теңгені, тартылған инвестиция 31,82 млрд теңгені құрады", -деді министр.
Айтуынша, министрлік технологиялық хабтарды ашу және қолдау арқылы өңірлерде Astana Hub брендін тарата бастады. Бүгінде әкімдіктермен бірігіп, 9 IT-хаб ашылған, биыл тағы 4 хаб ашылады.
Мусин әкімдіктерге заңнамалық тұрғыда өңірлік хабтарды қаржылық және инфрақұрылымдық қолдау талабын бекіту ұсынылғанын атап өтті.
IT-мамандарды тарту үшін Digital Nomad Visa жобасы жүзеге асырылады – Мусин