Экономика

Министрліктер 86 млрд теңгені игермеген

Бюджет қаржысының игерілмеуіне конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу, шот-фактуралармен атқарылған жұмыс актілерін уақтылы ұсынбау және тағы басқа жағдайлар себеп болған
Sputnik
АСТАНА, 13 қыркүйек – Sputnik. Қаңтар-тамыз айларының қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар 86 миллиард теңгені игермеген. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Айтуынша, сегіз айда мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,6%-ке, республикалық бюджеттің шығыстары – 99,3%-ке, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98,3%-ке орындалды.
"Республикалық бюджет бойынша сомасы 14,5 трлн теңгеге шығыстар жүргізілді. 107 млрд теңге атқарылмады, оның ішінде үнемделгені – 21 млрд теңге. Игерілмегені – 86 млрд теңге", - деді Жамаубаев үкімет отырысында.
Төтенше жағдайлар, экология және табиғи ресурстар, туризм және спорт, сондай-ақ ішкі істер министрліктерінде едәуір ірі сомалар игерілмеген.
Оның негізгі себептері: конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу; шарттар, қосымша келісімдер жасасу рәсімдерін дер кезінде өткізбеу; шот-фактуралармен атқарылған жұмыс актілерін уақтылы ұсынбау және тағы басқалары.
"Жергілікті бюджеттердің шығыстары 7,7 трлн теңгені құрады. Атқарылмағаны - 131 млрд теңге", - деді вице-премьер.
Сондай-ақ биыл өңірлерге 2 трлн теңгеге жуық нысаналы трансферт көзделген. Оларға 1 қыркүйекке 990 млрд теңге бөлінген. Оның 96,8%-і игерілді. Атқарылмағаны – 32 млрд теңге, оның ішінде 1 млрд теңге – үнемдеу, 31 млрд теңге игерілмеген.
Ең көп қаржы Астана қаласы, Атырау, Алматы және Батыс Қазақстан облыстарында игерілмеген.