КӨКШЕТАУ, 13 қыркүйек – Sputnik. Ақмола облысындағы "Бурабай тазалық" компаниясы коммуналдық қызмет бағасын жасанды түрде көтерген. Прокурорлық тексерістен кейін тарифтер төмендетілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бурабай ауданы прокуратурасының қызметкерлері "Бурабай Тазалық" кәсіпорнының қызметінен заң бұзушылықтарды анықтады. Компания коммуналдық қызмет тарифін негізсіз көтерген болып шықты. Қадағалау ведомствосы көрсетілетін коммуналдық қызметтерге тарифті белгілеу кезінде негізсіз шығындардың қосылғанын анықтады.
"Атап айтқанда, компания жанар-жағармай материалдары мен қосалқы бөлшектердің құнын асыра бағалаған. Аталған заң бұзушылықтар бойынша прокурорлық қадағалау актісі шығарылды", - деп хабарлады Ақмола облысының прокуратурасы.
Нәтижесінде жеке тұлғалар үшін орташа тариф 40 теңгеге – текше метрі үшін 683,87 теңгеден 643,62 теңгеге дейін, ал заңды тұлғалар үшін 22 теңгеге – 1160,50 теңгеден 1138,38 теңгеге дейін төмендетілді.
Сонымен қатар прокуратура 1340 тұтынушының, оның ішінде 44 заңды тұлғаның мүддесі қорғалғанын атап өтті.