Тоқаев шахматтан Қазақстанның әйелдер құрамасын құттықтады

Шахматтан Қазақстанның әйелдер құрамасы Польшада өткен командалық әлем чемпионатында тұңғыш рет күміс медаль ие болды
Sputnik
АСТАНА, 12 қыркүйек — Sputnik. Президент шахматтан Қазақстанның әйелдер құрамасын Польшада өткен командалық әлем чемпионатында тұңғыш рет күміс медаль ие болуымен құттықтады, деп хабарлайды Ақорда.
"Бұл – еліміздің шахмат тарихындағы айтулы оқиға. Байрақты бәсекеде қыздарымыз асқан шеберліктің және жеңіске деген шексіз ерік-жігердің озық үлгісін көрсетті. Сіздердің тамаша жетістіктеріңіз шахмат спортын жан-жақты дәріптеп, өскелең ұрпақтың оған деген қызығушылығын арттыра түсетіні анық", - деп атап өтті Тоқаев.
Сондай-ақ оның айтуынша, мемлекет шахмат спортын дамытуға қолдау көрсетеді.
"Мемлекет адамның ой-өрісін жетілдіретін бекзат өнерді дамытуға барынша қолдау көрсете береді. Еліміздегі кәсіби және әуесқой шахматшыларға тек жарқын жеңістер тілеймін!" – деп жазды президент өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.