АСТАНА, 12 қыркүйек – Sputnik. Ресей үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин Астанада өтетін халықаралық өнеркәсіптік көрмесіне қатысады. Бұл туралы сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Смадияровтың айтуынша, биыл 25-27 қыркүйек аралығында Астанада "ЭКСПО" көрме орталығының аумағында "Иннопром. Қазақстан – 2023" халықаралық өнеркәсіптік көрмесі өтеді.
"Көрменің мақсаты – өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, инвестиция тарту, сауда ынтымақтастығын кеңейту және жаһандық тәжірибе алмасу. Іс-шараға жоғары қонақ ретінде Ресей үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин мен Беларусь премьер-министрі Роман Головченконың қатысуы жоспарлануда", - деді Смадияров апта сайынғы брифингте.
Көрмеде Қазақстан мен Ресейдің негізгі өнеркәсіптік компаниялары, сондай-ақ Армения, Беларусь, ЕАЭО, Пәкістан, Түркия, Үндістан, Иран, Әзербайжан және басқа да елдердің жекелеген компанияларының экспозициялары ұсынылады.