Кейбір жүргізушілер көлік салығынан босатылады

Қозғалтқыштың көлемі неғұрлым көп болса, салық жүктемесі соғұрлым жоғары болады
Sputnik
АСТАНА, 12 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанда жанар-жағармай бағасының көтерілуіне байланысты "эконом" класқа жататын автокөлік иелерін көлік салығынан босату жоспарланып отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ұлттық экономика министрлігі Салық кодексіне өзгеріс енгізетін құжатты әзірледі. Оған сәйкес, қосылған құн салығы, корпоративті табыс салығы, жеке табыс салығы, темекі акциздері, сәнді заттарға салық салу, салық жеңілдіктері және тағы басқа маңызды өзгерістер бар.
Көлік салығын да өзгерту жоспарланып отыр. Атап айтқанда, 2025 жылы ЕАЭО елдері шеңберінде мұнай өнімдерінің бірыңғай нарығына көшу жанар-жағармай бағасының айтарлықтай өсуіне әкеледі. Соның нәтижесінде жеке тұлғалардың шығыны артады. Оған қоса, көлік салығын, кәдеге жарату мен бастапқы тіркеу алымы тағы бар.
"Жанар-жағармай бағасының айтарлықтай өсуіне (мысалы, 2 есе) байланысты азаматтардың көлік құралдарын иеленуге және пайдалануға арналған шығыны тиісінше өседі. Бұл әсіресе "эконом" класты көлік иелерінің қалтасына салмақ салады, сәйкесінше олардың әлеуметтік және материалдық жағдайының нашарлауына жол бермеу шаралары қажет", - делінген құжатта.
Осыған байланысты көлік салығын алып тастау ұсынылып отыр. Бірақ "эконом" класқа жатпайтын көліктер үшін салық қалады. Қозғалтқыштың көлемі неғұрлым көп болса, салық жүктемесі соғұрлым жоғары болады.
Ресми мәліметке сәйкес, 2022 жылы бюджетке 70 млрд теңгенің көлік салығы түсті.
Айта кетері, осы құжатта қосылған құн салығын біртіндеп көтеру шаралары да көрсетілен. Ал жеке табыс салығы бойынша прогрессивті шкала енгізіледі. Оған сәйкес, жалақысы жоғары адамдар табыс салығын көп төлейді. 2020 жылғы мәліметке сәйкес, Қазақстанда жалақысы 2 млн теңгеден асатын 7 376 адам (0,12%) бар.