АСТАНА, 12 қыркүйек – Sputnik. Алматы облысында 10 жастағы оқушымен болған оқиғаға байланысты арнайы жұмыс тобы құрылды, деп хабарлайды оқу-ағарту министрлігінің балалардың құқықтарын қорғау комитеті.
Бұған дейін БАҚ-та Алматы облысында құрдастары тарапынан буллингке ұшыраған 4-сынып оқушысы өзіне қол жұмсамақ болғаны туралы ақпарат тарады.
"Осы жағдайға байланысты арнайы жұмыс тобы құрылды. Болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында оқу-ағарту министрлігінің, Алматы облысы білім басқармасы басшылығының өкілдері бала оқитын мектепке жедел тәртіппен барды", - делінген хабарламада.
Бұл жағдай оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бақылауында.
Комитет атап өткендей, жуырда балаларды зорлық-зомбылықтан, суицидтің алдын алудан қорғау, олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі кешенді жоспар қабылданды.