АСТАНА, 11 қыркүйек – Sputnik. Жыл басынан бері елімізде 140 бала терезеден құлады. Оның 90 пайызы қайғылы жағдаймен аяқталған, деп хабарлады Хабар 24.
Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Жанна Дәуренбекованың айтуынша, мұндай оқиғаларға ең алдымен ата-аналардың балаларды қараусыз қалдыруысебеп болады.
"Жүруді үйренген 1 жасар бала да құлап кетуі мүмкін. Үйлерді аралаған кезде ата-аналарға соны ескертеміз", - дейді ол.
Статистикаға сүйенсек, елімізде жыл басынан бері балалардың терезеден құлауының 100-ден астам оқиғасы тіркелді. Олардың 90 пайызы – қайғылы жағдаймен біткен.
Америкада балалардың терезеден құлауына қарсы арнайы бағдарлама бар. Өткен ғасырдың 70-жылдары қолға алынған бұл жоба жазатайым оқиғалардың алдын алуды 50 пайызға азайтқан. Бұл тұрғыда қазақстандық сарапшылар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы заңды күшейту керегін алға тартады.
"Жұмысты қазірден бастау керек. Шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасу қажет. Баланың қауіпсіздігіне жауап беретін бірнеше бағыттағы арнайы ведомстволарды іске қосу маңызды. Олардың қызметі нақты айқындалса, келесі жылдың соңына дейін мәселенің 70 пайызы шешілер еді", - дейді ҚР БҰҰ Балалар қорының балалар өмірі бойынша бағдарлама үйлестірушісі Анна Стативкина.
Биыл елімізде арнайы норма бекітілді. Ол – балабақша мен мектептерде және тұрғын үйлерде құрылыс компанияларының терезеге блокиратор орнатуын міндеттейді.
"Мен министрліктер деңгейінде мәселені реттеуге тырыстым. Себебі олардың атқарушы органдарға ықпалы бар. Қазір ересектердің назарын аудару үшін көшенің бәріне плакттар ілінуі керек. Ақпараттандыру жағын күшейтуіміз керек. Бастысы ата-аналар жауапкершілікті сезініп, балаларын қараусыз қалдырмауы қажет", - деп атап өтті "Мейірімділік" ерікті қоғамы" қоғамдық қорының директоры Аружан Сайын.