АСТАНА, 11 қыркүйек – Sputnik. "Жолаушылар тасымалы" АҚ паркі отандық жаңа жолаушылар вагондарымен толықтырылды, деп хабарлады Көлік министрлігінің баспасөз қызметі.
Жаңа отандық вагондарда душ бар
© Photo : Пресс-служба АО "НК "Қазақстан темір жолы"
Су жаңа вагондарды қазақстандық "ЗИКСТО" зауыты жасап шығарған. Вагондар барлық заманауи талапқа жауап береді. Атап айтқанда, кондиционер, ауаны тазарту сүзгілері, датчиктер, тамбурлардағы бейнебақылау жүйесі, электр розеткаларымен қамтамасыз етілген.
Отандық жаңа вагон
© Photo : Пресс-служба АО "НК "Қазақстан темір жолы"
Көлік комитетінің төрағасы Алтай Әлінің айтуынша, қазіргі уақытта жолаушылар вагондарының паркі шамамен 2500 бірлікті құрайды.
"ЗИКСТО-мен жасалған шартқа сәйкес 50 жаңа жолаушылар вагоны сатып алынды. Бұл шаралар тасымалдау процесін жүзеге асыру кезінде жолаушыларға барынша жағдай жасау мақсатында қолға алынып отыр", - деді Әлі.
Жолсеріктердің купесі
© Photo : Пресс-служба АО "НК "Қазақстан темір жолы"
Жаңа жылжымалы құрам плацкарт және купе вагондарынан тұрады, қызмет ету мерзімі 40 жылға дейін.
"Келесі жылдың басында "ЗИКСТО" АҚ жолаушылар тасымалына арналған тағы 100 вагон жасап шығарады деп күтілуде", - деді "Жолаушылар тасымалы" АҚ бас директоры Жәнібек Тайжанов.
Айта кетері, соңғы 10 жылда темір жол көлігі паркі 50 пайызға жаңартылған. Осы уақыт аралығында заманауи халықаралық талаптарға сәйкес келетін 1200-ден астам вагон сатып алынды.