АСТАНА, 11 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанда тамыз айы жаңбырлы болды, жауын-шашын мөлшері бойынша елімізде рекорд тіркелді, деп хабарлайды Қазгидромет.
Синоптиктердің мәліметінше, тамызда жауын-шашын мөлшері жөнінен рекорд орнады. Мәселен, 10 тамыз Қарағандыда бір тәулік ішінде 54 мм жаңбыр жауды. Бір айдағы норма – 29 мм. 11, 12, 13 тамызда Алматы облысының таулы, тау бөктеріндегі аудандарының кей жерлерінде 15-43 мм-ге дейін нөсер жаңбыр жауып өтті (12 тамызда Алматыда 26 мм жаңбыр жауды, норма – 34 мм. 14 тамызда Мыңжылқы метеостанциясында 7 мм-ге дейін қар жауды).
Ал 27, 31 тамызда Түркістан облысында 15-24 мм нөсер жаңбыр жауды (27 тамызда Шымкентте 28 мм жауды, бір айдағы норма – 4 мм). Бір ай ішінде жел күшейіп отырды, оның екпіні 15-32 м/с дейін жетті, ал 31 тамызда Достық метеостанциясында (Жетісу облысы) желдің екпіні 45 м/с дейін жетті.
Астанада ең төмен ауа температурасы 14 тамызда тіркеліп, +8,7°С болды. Ал ең жоғары - +35,4°С 23 тамыз күні тіркелді. Бір ай ішінде 27 мм жауын-шашын түсті, айлық норма – 31 мм (норманың 87%-і).