Қызылорда облысында екі адам аса ірі көлемдегі есірткімен ұсталды

Sputnik
АСТАНА, 11 қыркүйек – Sputnik. Қызылордада патрульдік полиция қызметкерлері аса ірі көлемде есірткі тасымалдаған екі адамды ұстады, деп хабарлайды Рolisia.kz.
Қызылорда облысының полицейлері "Қарасора" рейдін өткізген. Оның барысында Арал ауданы тұсында "Самара – Шымкент" тасжолында жол ережесін бұзған Toyota автокөлігін тоқтатқан.
"Тексеру барысында көліктен сөмкеге салынған жасыл түсті зат анықталып, айғақзат ретінде алынды. Сараптама қорытындысымен алынған зат 25,2 кг астам кептірілген марихуана екендігі нақтыланды. Автокөлікті тізгіндеген 43 жастағы жүргізуші мен 43 жастағы жолаушы Атырау облысының тұрғындары болып шықты. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды", - делінген хабарламада.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды.