Президенттің баспасөз хатшысы денсаулығына байланысты қызметінен босатылды

Дәрігерлер Нұрмұхамед Байғараевқа ұшақпен ұшуға тыйым салған
Sputnik
АСТАНА, 11 қыркүйек – Sputnik. Президенттің баспасөз хатшысы Нұрмұхамед Байғараев қызметінен босатылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Кеше денсаулығыма қатысты оқыс жағдайдан соң (приступтар) дәрігерлерге тексерілуге мәжбүр болдым. Толық тексерістен кейін сырқаттың белгісі байқалды. Дәрігерлер ұзақмерзімді ем-домды бірден бастауды, оны тұрақты қабылдауды және бастысы – ұшақпен ұшуды белгілі бір уақытқа дейін тоқтатуды талап етті", - деп жазды Байғараев әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ол медициналық талап қазіргі қызметін толыққанды атқаруға кедергі келтіретінін атап өтті. Себебі аймақтарға және шетелдерге іс-сапарлар тұрақты түрде болады. Бұл – жиі ұшақпен ұшу деген сөз.
"Шыны керек, мұндайды өзім де күтпедім. Жоспар басқаша еді. Өткен аптада кіріскен қызметіме дайын едім. Баспасөз қызметін жетілдіруге, одан әрі ашық етуге қатысты бірнеше идея, бастамаларым бар еді", - деп толықтырды Байғараев.
Журналист уақыт өткізбей, толық емделіп алу қажет деген шешім қабылдағанын айтты.
"Осыған орай, президент баспасөз хатшысы қызметін қазір тоқтата тұруыма тура келеді. Басшылық жағдайды түсінді. Түсіністік танытқан барша азаматқа алғыс айтамын", - деп түйіндеді ол.
Еске сала кетейік, Нұрмұхамед Байғараев өткен аптада, 6 қыркүйекте президенттің баспасөз хатшысы болып тағайындалды.