"Күміс жасқа" жеткен қазақстандықтар тегін білім алады

Маркетинг, туризм, ақпараттық технологиялар, ауыл шаруашылығы, қаржы, білім беру және әлеуметтік қызмет көрсету бағыттары бойынша 100-ден астам курс ұсынылды
Sputnik
АСТАНА, 11 қыркүйек – Sputnik. Қазақстанда "Күміс жас" жобасы аясында 50 жастан асқан қазақстандықтар тегін білім алып, жұмысқа орналасу үшін жаңа дағдыларды игере алады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Бүгінде Skills Enbek платформасында "Күміс жас" атты қосымша бет бар. Онда қолжетімді курстардың тізімі орналастырылған. Қазіргі кезде маркетинг, туризм, ақпараттық технологиялар, ауыл шаруашылығы, қаржы, білім беру және әлеуметтік қызмет көрсету бағыттары бойынша 100-ден астам курс ұсынылды.
"Азаматтар оқу тілін және материалды ұсынудың ыңғайлы принципін таңдай алады, сонымен қатар оқу барысын бақылау мүмкіндігі бар. Дағдыларды игергені туралы сертификат та беріледі", - дейді министрлік мамандары.
Ал электронды еңбек биржасындағы (enbek.kz) түйіндемеде барлық игерген дағдысы туралы ақпарттар автоматты түрде көрсетіледі. Жұмыс беруші жұмыс іздеушінің түйіндемесінен сертификаттар мен алған дағдыларын көре алады.
Жақын арада "Күміс университеті" жобасы аясында жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық арқылы ұсынылатын курстар желісін кеңейту жоспарланып отыр.
Жыл басынан бері 73 мың қазақстандық тұрақты жұмысқа орналасты