Нью-Делиде G20 декларациясы қабылдана салысымен, АҚШ-та бұл құжатты қызу әрі сыни тұрғыдан талқылауға кірісті. Ең қызығы, "жиырмалықтың" қорытынды құжатында Ресейге қатысты сыни пікірлер, наразылықтар көп жазылмаған, ал украиналық кейс тым ұстамды сипатталған, деп жазды РИА Новости.
Құжатта Ресейді айыптау да, Ресей әскерін шығаруға үндеу де жоқ. Тек аумақтық тұтастықты құрметтеу қажеттігі туралы жалпы пікірлер бар. Оларды Украина Ресейдің Қырым және жаңа аймақтармен аумақтық тұтастығын құрметтеуі қажет деп те түсіндіруге болады.
Америкалық дипломаттар былай деп ақталды: олардың көзқарасы бойынша, "декларация жақсы". Алайда олардың ағылшын әріптестері шындықтан тым алшақ кетіп, Politico басылымына бұл декларация "Путинді әскерді шығаруға және Украинаға аумақтарды қайтаруға мәжбүрлейді" деп айтты. Еуропалық шенеуніктер егер құжатты олар өздері жазған болса, онда бәрі мүлде басқаша болар еді, бірақ бұл жерде консенсус қажет болды деп түсіндірді.
Бұл риторика айқын фактіні жасыра алмайды: G20 саммитінде БРИКС-ке мүше елдер мен оларға қосылған Жаһандық оңтүстік өкілдерінің Украина мәселесіне қатысты шоғырландырылған пікірә басым болды. Бұл қорытынды декларацияда нақты көрініс тапты.
"Ұжымдық Батыс батыстық емес көпшіліктің бұл шешімін қабылдауға мәжбүр болды. Бұл Ресейдің дипломатиялық жеңісі ғана емес, бұл жай ғана саяси, экономикалық, әскери күштердің шынайы теңгерімінің көрінісі", - деп жазылған материалда.
Осыдан ширек ғасыр бұрын "Үлкен жиырмалық" "Үлкен жетіліктің" өзіндік бір қосымшасы ретінде пайда болды. 90-шы жылдардың аяғында әлемдегі экономикалық дағдарыс Жаһандық оңтүстік пен посткеңестік кеңістіктегі елдерде миллиардтаған шығынға әкелді. G7 бұл дағдарыстан пайда көргені жасырын емес. Дәл осы кезде дамушы елдермен экономикалық мәселелерді шешуді талқылау идеясы пайда болды. "Үлкен жетіліктегі" мемлекеттер нұсқау береді, ал қалғандары оларды тыңдап, нұсқауларын орындайды деген болжам болды.
Дегенмен бүгінде "Үлкен жиырмалық" ішіндегі қарым-қатынас 180 градусқа өзгерді. БРИКС елдері әлемдік ЖІӨ үлесі бойынша "Жетілікті" басып озды және экономикалық, әлеуметтік және әскери бағытта қарқынды дамып жатыр. Батыс елдерінде қазір құлдырау жүріп жатыр – олар әлемдегі түрлі жағдайға дипломатиялық тұрғыдан ықпал ету тетіктерін жоғалтып жатыр.
Америкалық журналистер Нью-Делидегі саммитте Нарендра Модидің жетекшлік еткеніне, АҚШ президентінің жиындағы рөлі бәсең болғанына наразылықтарын жасырмайды.
Саммитте қабылданған шешімдердің көпшілігі Вашингтонның мүдделеріне ашық қайшы келеді және оның үстемдігін одан бетер әлсіретеді. Дүниежүзілік сауда ұйымын реформалау идеясы оны америкалық ықпалдан тазартуға бағытталған. Өйткені бейтарап болып саналатын халықаралық ұйым АҚШ пен Еуроодақтың еркін сауда қағидатын ашық бұзуына көз жұма қарауы дұрыс емес.
Үндістаннан Еуропаға бағытталған жаңа көлік дәлізі АҚШ-ты ЕО пен Бхарат қарым-қатынасынан ығыстырады. Африка одағын "Жиырмалыққа" шақыру Вашингтонның саанкция қолданумен бопсалау арқылы өз одақтастарына қысым көрсетуін қиындатады. АҚШ әлем елдерімен қарым-қатынаста Ресей мен Қытайды ығыстыруға тырысқанымен, қазіргі жағдайда өзі байқамастан ығыстырылып жатыр.
Енді АҚШ президенті әлем елдерімен байланысты қалпына келтіруге мәжбүр. Еуропалық комментаторлар бұған дейін Мұхаммед бен Салманмен қол алысудан бас тартқан Байденнің Нью-Делиде саудиялық ханзадамен көпшілік алдында қол алысуға мәжбүр болғанына қоғамның назарын аударды. Оның үстіне, бұл қол алысуға Нарендра Модидің өзі бастамашы болды.
Владимир Путин мен Си Цзиньпин саммитке қатыспады. Бірақ оларға қатысты ешқандай сын айтылмады. Америка президенті тіпті Қытай басшылығы "Үлкен жиырмалық" саммитін 2026 жылы АҚШ-та өткізу идеясын мақұлдамағаны туралы қауесетке де түсініктеме бермеді.
Байденнен тек Қытай басшысы Си Цзиньпин Нью-Делидегі саммитке қатысуына қатысты сұраққа, "бұл тамаша болар еді" деп қысқа қайырып жауап берді. Ал Байденнің кеңесшісі Джейк Салливан журналистердің Үндістан басшысына адам құқықтары мәселелері бойынша неге шағым айтпайтыны туралы сұрақтарына ол "саммитте басқаларды айыптау үшін келмегенін" айтты.
Жалпы Нью-Делидегі саммит жаһандық жағдай қалай өзгеріп жатқанын және АҚШ үстемдігінің әлсірегенін дәлелдеген жиын болды.