АСТАНА, 11 қыркүйек – Sputnik. Былтыр атаулы әлеуметтік көмек алған (АӘК) 100,4 мың отбасы мемлекеттік қолдау шараларының арқасында 2023 жылы кедейлік жағдайынан шықты, деп хабарлайды еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
2022 жылы АӘК алушылар саны 141,5 мың отбасын (728,7 мың адам) құрады, осы жылдың 1 тамызында 102,7 мың отбасы (538,9 мың адам) атаулы әлеуметтік көмек алды.
"Қабылданған шаралардың, әсіресе жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту нәтижесінде 2022 жылы атаулы әлеуметтік көмек алған 141,5 мың отбасыдан өз өмірін қалыпқа келтіру үшін берілген мүмкіндікті сәтті пайдаланған 100,4 мың отбасы кедейлік жағдайынан шықты", - делінген хабарламада.
Солардың бірі оңтүстік өңірден көшіп келген, қазір Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының тұрғыны Ақниет Алтынбайдың отбасы. Ерлі-зайыпты мал шаруашылығымен айналысуға шешім қабылдады, осы мақсатта олар микрокредит алды.
"Біздің кәмелетке толмаған төрт баламыз бар, біз АӘК алушылар қатарында болған едік. Күйеуім мал шаруашылығын дамытып, өзім декреттік демалыста жүрген кезімде үйде пісірілетін ұн өнімдері мен кондитерлік өнімдерді даярлаумен айналысып, отбасылық мерекелер мен мейрамдарға тапсырыс қабылдадым. Кейіннен мен орта мектепке әлеуметтік педагог ретінде жұмысқа орналастым. Нәтижесінде бүгінде отбасымыз АӘК алушылар қатарында емес", – деді Ақниет Алтынбай.
Өңірлер арасында АӘК алушылардың ең көбі Түркістан облысында – 25,1 мың отбасы немесе 24,4%, Шымкент қаласында – 11,1 мың отбасы немесе 10,8%, Қызылорда облысында – 8,8 мың отбасы немесе 8,6%, Алматы облысында – 8,6 мың отбасы немесе 8,4%, Жамбыл облысында – 7,2 мың отбасы немесе 7%, Жетісу облысында – 6,2 мың отбасы немесе 6% тіркелген.
Атаулы әлеуметтік көмек не үшін беріледі
АӘК-тің негізгі мақсаты – ақшалай төлем түрінде қолдау және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмысқа орналастыру арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару.
АӘК мыналарды көздейді:
табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-інен аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау;
табысы аз отбасылардағы 1 жастан 6 жасты қоса алғандағы әр балаға 1,5 АЕК (5 175 теңге) мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру;
жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға грант беру, біліктілікті арттыру курстарына жіберу (қажет болған жағдайда) және тағы басқа шаралар арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.