АСТАНА, 8 қыркүйек – Sputnik. Таразда 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде билікті асыра пайдаланды және әрекетсіздік танытты деп айыпталған бес полицей сот алдында жауап берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Былтыр қаңтардың 6-сына қараған түні Тараздағы қалалық полиция басқармасы мен Жамбыл облыстық полиция департаментіне шабуыл жасалды. Сол кезде полицейлер дер кезінде шара қабылдамаған. Ғимараттан қару-жарақ, оқ-дәрі мен арнайы құралдар ұрланды.
Сот полицейлердің асырауында кәмелет жасқа толмаған балалардың болуын жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырды. Бірақ қызметтік антты бұзу жазаны ауырлататын жағдай болып есептеледі.
Судья үш полицейді 4 жылға бас бостандығынан айыруға шешім шығарды. Біреуі рақымшылыққа ілінді, тағы біреуі ақталды.