АСТАНА, 8 қыркүйек – Sputnik. Отбасы күні қарсаңында "Мерейлі отбасы" Ұлттық конкурсы лауреаттарын Х мерейтойлық салтанатты марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды мәдениет және ақпарат министрлігі.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева салтанатты шараның ашылу барысында байқау жеңімпаздарына мемлекет басшысының құттықтауын оқыды.
Биыл конкурсқа 3 344 отбасы қатысты. Олардың 40% қалалық және 60% ауылдық отбасылар.
Түрлі кәсіп пен еңбек әулеттерінен құралған 20 отбасы – өңір жеңімпаздары атанды. Олардың қатарында ұстаздар, қолөнершілер, металлургтер, әскери қызметшілер, кәсіпкерлер, агроөнеркәсіп саласының мамандары бар.
Отбасының әрбір мүшесі – ауылдастарының, қала тұрғындарының, әріптестерінің, көрші-қолаңның құрметіне бөленген, Отанына адал қызмет етіп жүрген еңбек адамы, ауылдың, қаланың қарапайым еңбеккерлері.
Лауреат отбасылар дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Марапаттау рәсімі қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен мерекелік концертпен жалғасты.