Министр Алматыдан Өскеменге дейінгі жолды көлікпен тексеріп көреді

Қарабаев демалыс күндерін пайдаланып, Жетісу, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарына да барады
Sputnik
АСТАНА, 8 қыркүйек – Sputnik. Көлік министрі Марат Қарабаев бірнеше жолдың құрылысын тексеріп, Алматы облысынан Өскеменге дейін көлікпен жүріп көреді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан министрліктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Бүгін Қарабаев Алматы облысына барды. Министр алдымен Шамалған станциясының айналма жолының құрылысын және "Сарыөзек – Көктал" (45-68 км) автожолында жүріп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Одан кейін "Қорғас" құрғақ портының жұмысын тексеріп шығады. "Алматы – Қорғас" автожолының сапасын да байқап көреді.
"Марат Кәрімжанұлы демалыс күндерін пайдаланып, Жетісу, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарына да барады. Алматы облысынан Өскеменге дейін автокөлікпен жүріп өтіп, министр аталған өңірлердегі жол құрылыстарын, көлік объектілерін қайта жаңарту жұмыстарын, көлік қозғалысына арналған көпірлердің жай-күйін тексереді", - дейді министрліктің баспасөз хатшысы Жанжігіт Омархан.