Депутат тұратын пәтердің алдында белгісіз біреу бесік арбаны өртеп жіберді

Депутаттың болжауынша, оған парламентте Жаңа Қазақстанды тез құруға болмайтынын осылай ескерткен
Sputnik
АСТАНА, 8 қыркүйек – Sputnik. Алматыда белгісіз біреу мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің пәтері алдында бесік арбаны өртеп жіберді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Депутат болған жағдайды әлеуметтік желідегі парақшасында баяндады.
"Менің отбасыма белгісіз біреулерден қоқан-лоққыға ұксайтын әрекеттер басталды. Кішкентай балапанымның коляскасын пәтерімнің есігі алдында жағып жіберген. Осылай, Ескі Қазақстанның өкілдері өзінің бар-жоғын ескертіп, білдіртіп отырғандай сезінесің! Не болса да тергеу қорытындысын күтейік", - деп жазды Базарбек.
Оның айтуынша, үйдің кіреберісінде тура пәтердің алдында бейнебақылау камерасы бар, сыртта да біреуі орнатылған.
"Сондықтан тергеушілер үшін ешқандай қиындық болмауы керек", - деп атап өтті депутат.
Айта кетері, депутат Базарбек Алматыдан бір манданттық округтен сайланды. Заңгер жер мәселесін жиі көтереді. Бұған дейін ол банктердің иелігіндегі 2 млн га жерді мемлекетке қайтаруды талап еткен. Ал Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында жердің қалай таратылатынын ашық айтты.