АСТАНА, 8 қыркүйек – Sputnik. Алматыда TikTok-та онлайн бәс тігу арқылы құмар ойындарды ұйымдастырған алты адам сотталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Бұған дейін осы қылмыс үшін екі адам ұсталған болатын. Олар 4 айдың ішінде 13 млн теңгеге стримдер ұйымдастырған. Соттың шешімімен екеуі 1,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.
Ал дәл сондай жолмен 19 млн теңгеден астам аса ірі мөлшерде заңсыз табыс тапқан төрт адам 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
"Әлеуметтік желіде құмар ойындарды ұйымдастыру заңсыз болып табылатынын және ҚР "Ойын бизнесі туралы" заңының нормаларына қайшы келетінін еске саламыз", - дейді агенттік мамандары.