Сәрсенбі күні кешке Ресей мен Түркияның өңделген өнімдері кедей елдерге жөнелтілетін 1 миллион тонна астық жеткізу туралы келісімге келгені белгілі болды. Бұл шешім тамыз айының соңы мен қыркүйектің басында өткен жоғары деңгейдегі келіссөздің нәтижесі болды.
Осы аптада Сочиде Ресей мен Түркия президенттері Владимир Путин мен Режеп Тайып Ердоғанның келіссөзі өтті. Одан бірнеше күн бұрын екі елдің сыртқы істер министрлері Сергей Лавров пен Хакан Фидан Мәскеуде келіссөз жүргізді. Біраз бұрын БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің Сергей Лавровқа "астық мәмілесін" қалпына келтіру туралы нақты ұсыныстары бар хаты жолданғаны туралы белгілі болды. Бұқаралық ақпарат құралдары хабарлағандай, Біріккен Ұлттар Ұйымы бұл ұсыныстарды Түркиямен бірлесіп дайындаған.
Астық жөніндегі ресейлік-түрік келісімдері нені қамтығанын және екі елдің билігі тағы қандай мәселелерді талқылағанын Sputnik материалынан оқыңыз.
Кедей елдерге ресейлік астық жіберіледі
Ресей мен Түркия президенттерінің кездесуінен кейін РФ сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Грушко Ресейден Түркияға 1 миллион тонна астық жеткізу туралы келісімге қол жеткізілгенін хабарлады.
Еске салсақ, Владимир Путин Сочидегі келіссөздің қорытындысы бойынша Ресейдің Түркия және Катармен бірге кедей елдерге астық жеткізуге дайын екенін мәлімдеген болатын. Ресей басшысы жариялаған бастамаға сәйкес, Ресей Федерациясынан астық түрік ұн тртатын зауыттарына өңдеуге жіберіліп, ол жақтан өндірілген ұн кедей елдерге тегін жөнелтіледі.
Катар Түркия үшін жеңілдетілген астық бағасын және кедей елдерге тегін жеткізуді қамтамасыз ету үшін бұл бастамаға қаржылай көмек көрсетеді.
Ресей ғылым академиясының Экономика институтының ғылыми қызметкері Александр Караваевтың пікірінше, ресейлік астықты өңдеу мәселесінде түріктердің делдалдық көрсетуі бір жағынан саяси, екінші жағынан ұн нарығына байланысты экономикалық мәселені көздейді.
"Краснодар өлкесінде және Қара теңіз порттарына іргелес жатқан Ресейдің басқа аймақтарында ұн тарту қуаттылығының тапшылығы байқалады, - деді сарапшы. - Бұл мәселе ұнды тұтыну мен экспорттаудағы елдің ішкі теңгерім деңгейіне келіп тіреледі. Тартылып, экспортқа жөнелтілуі керек миллион тонна астық бұл өңірлердегі өндіріс қуатына қосымша салмақ түсірер еді".
Оның айтуынша, бұл бастамаға Катадыңр қосылуы Ресейге ұн нарығындағы ішкі ресейлік жағдайды қиындатуы мүмкін қажетсіз міндеттемелерді өз мойнына алмауға мүмкіндік береді.
Еске салсақ, 2022 жылы Ресей шамамен 881 мың тонна бидай мен қара бидай ұнын экспорттады. Қол жеткізілген келісім аясында Түркияға жөнелтілетін 1 миллион тонна астықтан орта есеппен 550-750 мың тоннадай ұн өндірілуі тиіс.
"Осылайша Ресей орта мерзімді келешекте қандай да бір жағымсыз салдар туғызуы мүмкін бірқатар міндеттемеден босатылды, ал Түркия саяси және ұйымдастырушылық жеңілдіктерге қол жеткізді. Анкара негізгі шикізат пен маңызды аграрлық тауарлары жүктерді жеткізу бойынша хабтарды ұйымдастыруда өз мүмкіндіктерін тағы да көрсете алады", - деді Александр Караваев.
Сарапшының пайымдауынша, Ресей өз кәсіпорындарында өндірілген ұнды анағұрлым пайдалы нарықтарға экспорттап, ол үшін әлдеқайда қомақты ақша алады.
"Мысалы, сол Африка елдерінің ішінде бұл ірі аймақтық астық орталығы болып табылатын Мысыр болуы мүмкін", - деді ол.
"Астық мәмілесінің" келешегі
18 шілдеде Украинадан азық-түлік жүктерін қауіпсіз экспорттауды және БҰҰ-ның ресейлік ауылшаруашылық өнімдерін экспорттауға көмектесуін көздейтін пакеттік келісім – "астық мәмілесі" тоқтатылды.
Ресей бұл келісімнен бас тартты. Өйткені құжаттың ресейлік экспортқа қатысты екінші бөлігі және Батыстың негізгі мақсат ретінде көрсеткен мұқтаж елдерге астық жеткізу туралы бастамасы бір жылға жуық мерзім ішінде орындалмады.
Бұл ретте Владимир Путин Сочидегі келіссөз барысында атап өткендей, Мәскеу осы пакеттік келісімнің шарттары болып қабылданған Ресейдің барлық талабы орындалған кезде ғана "астық мәмілесіне" оралады.
Еске салсақ, тамыз айының соңында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Сергей Лавровқа астық мәмілесін қалпына келтіру туралы ұсыныстарды жолдаған болатын. Ресей сыртқы істер министрлігі хабарлағандай, БҰҰ ұсыныстарының жаңа пакетіне Россельхозбанктің еншілес ұйымын SWIFT жүйесіне қайта қосу, Еуропадағы ресейлік тыңайтқыш өндірушілердің активтерін бұғаттаудан шығару, сақтандыру платформасын құру және ресейлік кемелердің еуропалық порттарға кіру мүмкіндігін реттеу кірді.
"Өз кезегінде ресейлік тараптан Қара теңіз бастамасын дереу және толық қалпына келтіруге кепілдік беруді талап етті", - деп хабарлады РФ СІМ-дегілер.
Ресейлік ведомствоның мәлімдемесіне сәйкес, бұл ұсыныстардың мәні жоқ. Бұл тек жұмыс жасалып жатқандай көрініс жасағанмен, анығында бұл ұсыныстар тыңайтқыштар мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысатын ресейлік компаниялардан санкцияларды алып тастауға әкелмейді, деп түсіндірді РФ СІМ-дегілер.
"Ресей мен Түркия "Қара теңіз бастамасының" бағдарын өзгертіп, Африканы қамтамасыз ету үшін ресейлік астықты түрік ұн тарту зауыттарына жөнелтетін болды, - деді Александр Караваев. – Африканың ең кедей елдерімен астық келісімінің 1 миллион тонна көлеміндегі ауқымы іс жүзінде сақталады. Тек қазір бұл астық украиналық емес, ресейлік және бастама Катардың қаржылық қолдауымен жүзеге асырылуда".
Экономика ғылымдарының докторы, Г.В. Плеханов атындағы Ресей экономика университетінің корпоративтік басқару және инновациялар кафедрасының профессоры Андрей Полтарыхинның пікірінше, Ресейге бүгінде Украина мен Батыс елдері сияқты "астық мәмілесіне" мұқтаж емес.
Оның айтуынша, биыл Ресей Федерациясында астық жинау тағы да рекордтық көрсеткішке жақындап, қордағы астықты есептегенде екінші жыл қатарынан 100 миллион тоннадан асады деп күтілуде.
"Соңғы уақытқа дейін Украина астықты үш бағыт бойынша экспорттады: Ыстамбул арқылы, Дунай порттары арқылы, сондай-ақ автомобиль және теміржол арқылы Еуропаға бағыттады. Қазіргі уақытта бірінші бағыт бойынша экспорттау мүмкін емес. Инфрақұрылымның бұзылуына байланысты екінші бағыт та жақын уақытта жұмысын тоқтатады. Үшінші жол қалды: Молдова арқылы, Польша арқылы және ЕО-ға басқа да құрлықтағы жолдар арқылы. Бұл жерде өзіндік қиындықтар бар. Өйткені жергілікті фермерлер арзан украиналық астықпен бәсекелесуді ұнатпайды", - деді сарапшы.
Ресей-түрік ынтымақтастығы
Азық-түлік мәселесінен бөлек, Владимир Путин мен Реджеп Тайип Ердоған Сочидегі келіссөз барысында Түркияда газ хабын құру тақырыбын тағы да қозғады. Олардың айтуынша, бұл жоба бойынша келіссөз айтарлықтай ілгерілеген және жақын арада оның барлық параметрі бойынша келісу күтілуде.
Ресей президенті атап өткендей, енді барлық практикалық мәселені шешетін бірлескен жұмыс тобын құру мәселесі күн тәртібінде тұр.
Екі елдің көшбасшылары жаңа хаб әлемдік энергетикалық сектордың тұрақты және теңгерімді болуына мүмкіндік беретінін, сондай-ақ энергия ресурстарының құнына әсер ететінін және ресей-түрік қарым-қатынастарын дамытатынын атап өтті.
Екі елдің энергетика саласындағы ынтымақтастығы тек газбен ғана шектелмейді. Владимир Путиннің айтуынша, "Росатом" Түркиядағы алғашқы АЭС "Аккую" құрылысын жалғастырып жатыр. Бірінші энергоблок келесі жылы іске қосылуы мүмкін.
Реджеп Тайип Ердоған атап өткендей, бүгінде Түркияда, яғни Синоп қаласында екінші атом электр станциясын салу жобасы жоспарланған. Оған Ресейді де тарту көзделіп отыр.
"Екі ел арасында жаңа атом электр станциясының құрылысына қатысты да дәл осындай қадам болады деп ойлаймын", - деді Түркия президенті.
Бұдан бөлек, Түркия президентінің айтуынша, екі ел жыл сайынғы 100 миллиард доллар көлеміндегі тауар айналымына сенімді түрде жылжып келеді. Оның айтуынша, қазір бұл 62 миллиард долларға жетті.
Сонымен бірге екі көшбасшы да ресей-түрік өзара есеп айырысуда ұлттық валюталарды қолданудың артанын әрне сәйкесінше доллар мен еуроның үлесі тұрақты түрде төмендеп келе жатқанын атап өтті.
Ресей мен Түркия президенттері бұл процестің маңыздылығын айтып, екі елдегіі орталық банк басшыларының екіжақты сауданы рубль-лира валюталарына көшіруді жеделдету бойынша келіссөз жүргізетінін жариялады.
Ресей Федерациясы үкіметі жанындағы Қаржы университетінің Жаһандық зерттеулер институтының ғылыми басшысы Александр Ильинскийдің айтуынша, Түркия президентінің Сочиге сапары болашақта Батыс елдерінің Ресеймен байланысты ілгерілетуде маңызды қадам болуы мүмкін.
"Түркия НАТО мүшесі және географиялық жағынан Қара теңіз аймағына байланысты ел ретінде Ресей мен Батыс арасындағы делдалдықтан геосаяси пайда алуға және көпполярлы әлемде ықпалды аймақтық державаға айналуға тырысуда", - деп есептейді сарапшы.
Жалпы Батыстың жақын және орта мерзімді болашақта Ресеймен жақындасуы экономикалық мүдделерді, геосаяси жағдайды және екі тараптың диалог пен ымыраға келуге дайындығын қамтитын факторлардың күрделі жиынтығына байланысты болады, деп түйіндеді ол.