АСТАНА, 7 қыркүйек – Sputnik. Қызылжарда қияр мен қызанақ топырақсыз өсіретін ірі жылыжай бой көтерді. Жаңа көкөніс фермасы заманауи технологиямен жұмыс істейді.
Гидропоникалық тәсіл -суды үнемдеудің бір жолы. Бұл жайында мемлекет басшысы өз жолдауында айтқан болатын, деп хабарлады "Астана" телеарнасы.
32 мың шаршы метр аумақты алып жатқан мега жылыжай теріскейдегі ең ауқымды ферма болып саналады. Кешенде қысы-жазы қияр мен қызанақ өсіріледі. Жылына 3 мың тонна өнім өндіруге мүмкіндік бар. Жылыжайдың ерекше технологиясы таңғалдырады. Фермада қара топырақ мүлдем қолданылмайды.
"Біздің әдіс гидропоника деп аталады. Яғни, өсімдіктің тамыры топырақтың ішінде емес, минералды мақтаның ішінде жайылады. Қияр мен қызанаққа қажетті микро және макроэлементтер сумен араластырылады", - дейді жылыжай кешенінің директоры Екатерина Асаёнок.
Жылыжай басшылығы алғашқы өнімді қараша айында алуды жоспарлап отыр. Ферма аймақ сұранысының 30 пайызын қамтымақ.