Қазақстан албандар үшін визасыз режим енгізуді жоспарлап отыр

Соңғы жылдары 211 албан Қазақстанға кірсе, Албанияға біздің елден небәрі үш турист барған
Sputnik
АСТАНА, 7 қыркүйек – Sputnik. Албания президентінің ресми сапары аясында албандарға Қазақстанға визасыз кіру мүмкіндігін беру мәселесі қаралады. Бұл туралы туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министр Албанияның туристік әлеуеті жақсы екенін атап өтті.
"Албания азаматтары үшін визасыз режим енгізу мәселесі бүгін көтеріледі. Менің ойымша, бұл дұрыс әрі еліміз үшін өте тартымды бағыт", - деді Маржықпаев Ақорда кулуарында.
Айтуынша, соңғы жылдары 211 албан Қазақстанға кірсе, Албанияға біздің елден небәрі үш турист барған. Министр Албания азаматтары Қазақстанға көбіне жұмыс визасымен келетінін атап өтті.
"Бұл мәселе біз үшін өте маңызды, сондықтан оны жаңа сапалы деңгейге көтеру қажет деп санаймын", - деді Маржықпаев.
Айта кетері, қазақстандықтар Албания аумағында 90 күн визасыз жүре алады.
Естеріңізге сала кетейік, Албания президенті Байрам Бегай Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға ресми сапармен келді.