АСТАНА, 7 қыркүйек – Sputnik. Бурабай курорттық аймағындағы қонақ үйде жұмыс істейтін 17 адам тамақтан уланып қалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ақмола облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ұсынған ақпаратқа сәйкес, барлық қызметкер асханада жұмыс істейді. Олардан бактериялық ішек инфекциясы анықталды.
"Инфекцияны жұқтырған 17 науқастың 7-уі Көкшетау қаласының инфекциялық ауруханасына жатқызылды. Қалған науқастар амбулаторлық ем-дом алып жүр, жағдайы қанағаттанарлық", - дейді санитар мамандар.
Қазіргі таңда Бурабай санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы қонақ үйдің мейрамханасына жоспардан тыс тексеріс жүргізіп жатыр. Судың, тамақ өнімдерінің және шайындылардың сынамалары алынды. Барлық қызметкер тексерілді. Зертханада ішек инфекциясының қайдан шыққаны анықталады.