Әскерге барып келген жастардың алғашқы легі оқуға тегін қабылданды

Әскерге барып келгендерге ҰБТ тапсырудың қажеті жоқ
Sputnik
АСТАНА, 7 қыркүйек – Sputnik. Биыл Отан алдындағы борышын өтеп келген 363 жігіт жоғары оқу орнына тегін түсті. Ұлттық бірыңғай тестілеуді де тапсырудың қажеті жоқ, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан КТК арнасына сілтеме жасап.
Оқуға түскендердің көбісі ұшқыш, инженер және әскери мамандықтарды таңдады. Олардың ішінде Бауыржан Тынышкереев те бар. Әскерге барып келген сарбаз Әуе қорғаныс күштері әскери институтына түсті.
"Мен Талдықорған гарнизоны әскери бөлімінде мерзімді қызметімді аяқтап, оқуға түстім. ҰБТ-сыз оқуға түстім. Қазіргі таңда әуе қорғаныс күштері әскери институтында білім алып жатырмын. Бұрын арманым, негізі ұшқыш болғым келіп еді. Біздер сол бірінші легіміз. Соған ілігіп кеткеніме қуаныштымын", - дейді курсант Тынышкереев.
Әскерге барып келгендерге ҰБТ тапсырудың қажеті жоқ. Оқу тегін, шәкіртақы да төленеді. Биыл 363 адам әскерден кейін тегін оқуға түсті.
Ал әскери комиссариат мамандары Отан алдындағы борышын өтегісі келетін жастардың көбейгенін айтып отыр. Барлығы келесі жылы оқуға тегін түскісі келеді.
"Қазірдің өзінде шекара қызметі басталды. Біз бірінші команда 17 адам жібердік. Оның ішінде келгендердің көбі сол жоғары оқу орнына түсуге, ҰБТ-сыз қабылдануға мүмкіндігін пайдаланып, әскерге баруға ниет білдіргендер", - дейді Ақтөбе облысы қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Мейрамбек Сақып.
Әскерге барып келгендер тегін оқиды – министр жаңа жобаны түсіндірді