Түркияда жол апатына түскен тағы бір қазақстандық ауруханада қайтыс болды

Нұрболат Құрмашов жансақтау бөліміне түскен еді. Кеше ол есінен жимастан қайтыс болды
Sputnik
АСТАНА, 7 қыркүйек – Sputnik. Түркияда жол апатына түскен тағы бір отандасымыз көз жұмды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан КТК арнасына сілтеме жасап.
Аланиядағы жол апатында Қазақстаннан демалуға барған бір отбасының екі мүшесі оқиға орнында қайтыс болған. Атыраулық журналист Арайлым Бақытжан мен оның екі жастағы қызы дәрігерлер келгенше көз жұмды. Ал оның күйеуі Нұрболат Құрмашов жансақтау бөліміне түскен. Кеше ол есінен жимастан қайтыс болды. Олардың 9 жасар ұлы аман қалды.
Бүгін марқұмдардың сүйегі елге жеткізіледі.
Айта кетері, бұған дейін сыртқы істер министрлігі жол апатының мән-жайын жариялаған. Сол күні сафари-джипте 15 адам болған. Оған екі баласымен бірге қазақстандық ерлі-зайыпты да мінген. Олар 30 тамыз күні Аланияға демалуға барған. 4 қыркүйекте елге қайтуды жоспарлаған. Сафари-джип қатар келе жатқан көлікпен соқтығысқан. Бәрі көліктен ұшып түскен. Ал полиция адамдардың қауіпсіздік белдігін тақпағанын айтып отыр. Бірақ министрлік өкілдері 15 адамның шағын сафари джипке қалай сыйғанын түсінбей отыр.
Бұған дейін Аланияда демалып қайтқан Sputnik Қазақстанның оқырманы сафари-джипте ешқандай қауіпсіздік белдігін көрмегенін айтты.
"Өз басым қауіпсіздік белдігін көрген емеспін. 10-15 адамды джиптің артына отырғызып қояды да, бір-бірімен жарысады. Төбесі ашық, ешкім отырмайды, түрегеп тұрады. Жолда бір-біріне су шашады. Көлік жүргізушісі қауіпсіздікті сақтау қажеттігін айтпайды да, олар ойын-сауықтың көп болғанын қалайды ғой. Интернетте видеолары көп", - дейді Астана тұрғыны.
Түркияда жол апатына ұшыраған отбасы бүгін Қазақстанға оралуы керек еді – министрлік