АСТАНА, 6 қыркүйек – Sputnik. Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев жастарға өздері тұрып жатқан жалдамалы пәтерлерді сатып алуға мүмкіндік беру мәселесін қарастыруды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Депутаттың айтуынша, бүгінде жұмысшы жастарға берілген жалдамалы пәтерлер жастардың басты мәселесіне айналып отыр. 2019 жылдан бері Астана, Алматы, Шымкент қалаларында жалдамалы пәтерге орныққан жастардың саны 10 мыңға жуықтаған.
"Иә, бұл жастарға өз баспанасын алуға қаржы жинау мақсатында берілген үлкен мүмкіндік еді. Әйтсе де, үкімет бұл бағдарламаны қабылдағанда өзге де факторларды ескеруді назардан тыс қалдырған сыңайлы. 2019 жылы баспана алған жастардың баспананы босатуына да 1 жылдан аз уақыт қалды. Бүгінде мегаполистердегі жастардың далада қалу қаупі жоғары", - дейді Мұқаев премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдаған депутаттық сауалында.
Ол коронавирус пандемиясы басталып, жұрт 42 500 теңгеге қарап қалғанда, жастарда ақша жинау мүмкіндігі де болмағанын айтты.
Бұған қоса жалдамалы пәтер алған жастар өзге де мемлекеттік бағдарламалар мен үй кезегінде тұру мүмкіндігінен айырылған. Кезекте болғандар кезектен алынып тасталған.
"Бүгінде елде баспана алуға тиімді бағдарлама жоқтың қасы. "7-20-25" аты бар заты жоқ бағдарлама, ал Отбасы банк арқылы 50% бастапқы жарна жинау 5 жылда мүмкін емес! 2019-2020 жылдардан бері нарықтағы үй бағасы 2 есе өскен", дейді мәжілісмен.
Осыған байланысты Мұқаев осы факторларды ескеріп, жастардың тиімді баспана алуына жағдай жасау және кемі 10%-тік бастапқы жарнамен өздері тұрып жатқан баспанасын сатып алуға мүмкіндік беру мәселелесін қарастыруды сұрады.
Депутаттың пікірінше, "Елорда жастары", "Алматы жастары" ипотекалық бағдарламалары секілді пайыздық мөлшерлемесі де 5%-тен аспауға тиіс.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдан бері Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін жастарға жалдамалы пәтерлер жалға беріліп келеді. Бұл баспаналар 5 жылға жалға беріледі. Ал кейін тұрғын үй келесі үміткерлерге босатылады. Яғни, жалға берілген пәтерлерді сатып алу құқығы болмайды.