АСТАНА, 4 тамыз – Sputnik. Парламент сенатының келісімімен Ұлттық банкті енді Тимур Сүлейменов басқарады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк төрағасы лауазымына Тимур Мұратұлы Сүлейменовтің кандидатурасын ұсынды.
Сенат депутаттары президенттің кандидатурасын қолдап, келісім берді.
Айта кетері, Конституцияға сәйкес, Ұлттық банктің төрағасын Қазақстан президенті парламент сенатының келісімімен тағайындайды.
Бұған дейін Ұлттық банкті Ғалымжан Пірматов басқарған болатын. Бүгін, 4 қыркүйек президенттің жарлығымен ол қызметінен босатылды.
Тимур Сүлейменов туралы не білеміз
Тимур Сүлейменов 1978 жылы 5 сәуірде дүниеге келген. 2000 жылы Павлодар мемлекеттік университетін бітіріп, 2002 жылы "Болашақ" бағдарламасымен Мэриленд университетінде іскерлік әкімшілендіру магистрі мамандығы бойынша білім алған.
Әр жылдары экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі, экономикалық даму және сауда вице-министрі, ұлттық экономика министрі, Ұлттық банк төрағасының орынбасары қызметін атқарды.
2019 жылғы наурызда президенттің көмекшісі қызметіне тағайындалды. Сол жылы шілде айында президент әкімшілігі басшысының орынбасары болды. Ал 2022 жылғы қаңтардан бүгінгі күнге дейін президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарып келді.