Аланияда екі қазақстандық көз жұмды – жол апатының мән-жайы жарияланды

Қазақстандықтар мінген сафари джип қатар келе жатқан басқа көлікпен соқтығысқан
Sputnik
АСТАНА, 4 қыркүйек – Sputnik. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Түркиядағы жол апатының мән-жайын жариялады, хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сафари-джипте 15 адам болған. Оған екі баласымен бірге қазақстандық ерлі-зайыпты да мінген. Олар 30 тамыз күні Аланияға демалуға барған. Бүгін елге қайтуды жоспарлаған.
"Кеше экскурсияға шығу үшін сафари көлігіне мінген. Ол көлік қатар келе жатқан басқа көлікпен соқтығысқан. Өкінішке қарай, оқиға орнында 1989 жылы туған әйел мен оның екі жасар қызы қайтыс болды. 1986 жылы туған ер азамат, сол әйелдің күйеуі ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатыр. Ал 2014 жылы туған ұлы ауруханада, денсаулығы мен өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, қол-аяғы сәл ісіп кеткен", - деді Смадияров бүгінгі брифингте.
Оның айтуынша, түрік полициясы жол апатының алдын ала себебін жариялаған.
"Біздің естуімізше, әзірге рас-өтірігін білмеймін, оны тергеу анықтай жатар. Адамдар қауіпсіздік белдігін тақпаған. Бәрі көліктен ұшып түскен. Сондықтан шетелде жүрген азаматтарымызға айтарымыз, қауіпсіздік шараларын барынша сақтаңыздар", - деп атап өтті Смадияров.
Министрліктің ресми өкілі 15 адамның шағын сафари джипке қалай сыйғанын түсінбей отыр.
Бұған дейін Аланияда демалып қайтқан Sputnik Қазақстанның оқырманы сафари-джипте ешқандай қауіпсіздік белдігін көрмегенін айтты.
"Өз басым қауіпсіздік белдігін көрген емеспін. 10-15 адамды джиптің артына отырғызып қояды да, бір-бірімен жарысады. Төбесі ашық, ешкім отырмайды, түрегеп тұрады. Жолда бір-біріне су шашады. Көлік жүргізушісі қауіпсіздікті сақтау қажеттігін айтпайды да, олар ойын-сауықтың көп болғанын қалайды ғой. Интернетте видеолары көп", - дейді Астана тұрғыны.
Түркияда жол апатынан атыраулық журналист көз жұмды