Қазақстандықтар жарылғыш зат туралы жалған ақпарат не үшін таратады

Жалған хабарламалар бергені үшін сотталғандардың 48-55 проценті қатты мас болған
Sputnik
АСТАНА, 4 қыркүйек – Sputnik. Ішкі істер министрлігі жарылғыш зат туралы жалған ақпарат тарататын адамның портретін жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығының орынбасары Алмас Талқанбаевтің айтуынша, мұндай қоңыраулар еріккеннен, әзіл ретінде, сондай-ақ алкогольге мас күйде отырып жасалады.
"Мұндай қылмыстардың жасалуына себептер де әр түрлі, олар – кек алу, бұзақылық, сол мекеменің жұмысына кедергі келтіру, мектептегі сабақты болдырмау, құқық қорғау органдарының жұмыс сапасын тексеріп көру. Ал кәмелетке толмағандар мұндай қылмысқа не үшін барады? Өйткені достарының арасында өзін батыр екенін, тәуекелге бара алатынын, шешім қабылдай алатынын дәлелдеу, үй тапсырмасын орындамағандықтан сабаққа қатыспау үшін осылай істейді екен", - деді Талқанбаев бүгінгі онлайн брифингте.
Ересек адамдар ондайға бұзақылық және пайдакүнем ниетпен барады, көбінесе психикасы тұрақсыз және алкогольдік ішімдікке мас адамдар қоңырау шалады. Статистикаға сәйкес, жалған хабарламалар бергені үшін сотталғандардың 48-55 проценті қатты мас болған. Сосын көбісі жұмыс істемейді.
"Бүгінгі таңда құқық қорғау органдарының мұндай қылмыстармен қарсы күресуге барлық мүмкіндіктері бар, заманауи техникалық құралдармен жабдықталған. Қоңырау шалған адам дауысын өзгертсе де, сим-картасы мен телефонын ауыстырса да, ол бәрібір табылады. 90 пайыздан астамы ізі суымай кезекші тәулікте ашылды", - деп атап көрсетті Талқанбаев. .
Айта кетері, Қазақстанда терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама үшін бес мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлеу (14,5 млн. теңге) немесе осы көлемде түзеу жұмыстарына тарту, сондай-ақ 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы қолданылады.
14 жасқа толған адамдар қылмыстық жауапқа тартылады. Ал одан кіші балалардың әрекеті үшін ата-анасы жауап береді. Сот шешімінің негізінде осындай хабарламаның кесірінен келтірілген барлық шығындар өтелуі тиіс.
Өңірлер
Жарылғыш зат туралы жалған ақпарат берген оқушы сотталды